Қазір қойды телефонмен бағып жүрміз, қойшының керегі жоқ — жас кәсіпкер

0

Ауыл кәсіпкерлері шаруашылық жүргізудің жаңа әдістерін үйренуі қажет. Ол үшін озық үлгілерді меңгеріп, білімді жетілдірген жөн. Батысқазақстандық жас кәсіпкер Саян Баетов Елбасы Жолдауында жастар мәселесіне қатысты тұсы бойынша өз ойын былайша білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі таңда көп нәрсе жастардың жаңашылдығына, белсенділігіне байланысты.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп саласына баса назар аударып, елімізге заманауи агротехнологияларды кеңінен тартудың маңыздылығын атап өткен болатын. Осы ретте жаңа технологияны мал шаруашылығына дендеп енгізуге болады.

«Он екі жыл бойы білім алып, ақпараттық технологиялар саласында жұмыс жасап, осыдан екі жыл бұрын туған жерім — Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылына оралып, әкемнің шаруашылығына көмектесуді ойлап, салық басқармасына жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім. Мал шаруашылығының консалтингі бойынша жұмыс жасаудамын. Бұл дегеніміз — фермадағы қайталана беретін жұмыстарды автоматтандыру және автономды түрге айналдырып, олардың тиімділігін арттыру», — дейді Саян Баетов.

Қазір қойды телефонмен бағып жүрміз, қойшының керегі жоқ - жас кәсіпкер

— Саян Арсанұлы, осыған нақты мысалдар келтіруге бола ма?

— Әрине, болады. Бірде қой бағатын қойшы болмай қалды да, біз қиналып қалдық. Сол кезде үйде жатқан ескі телефоннан GPS құрылғы жасап шығардым. Оны ешкінің мойнына тағып қойдық. Қазір қойды телефонмен бағып жүрміз. Яғни енді жүз қойға қойшының керегі жоқ. Сол секілді мініс аттары мен сауын жылқыларды да телефон арқылы қарап, үйге айдап әкеліп жүрміз. Негізі мұндай құрылғының сан түрі бар, бірақ менікінің ерекшелігі оның қарапайымдылығында. Бұл құрылғы SMS, яғни қысқа хабарлама арқылы жұмыс істейді. Оны алдын ала реттеп қойса, ол бір батарейкамен бір жыл жұмыс жасайды. Бір жыл ішінде күніне бір рет жылқының қай жерде жүргені жөнінде  мәлімет алып тұруға болады. Ол координаттарды Google картаға салса, барлығын сызып, интерактивті түрде көрсетіп бере алады. Бұндай құрылғы қысты күндері өте тиімді.

Тағы бір мақсатым — автоматты түрде мал санайтын құрылғы ойлап табу. Кезінде ата-бабаларымыз мыңдаған малын түстеп білген, әр малдың түсін, түрін, жасын және мінез-құлқын ажырата білген. Осының алдында айтылған құрылғылардың барлығына дербес қуат көзі керек, қой бағатын құрылғыны күн сайын, ал жылғы бағатын құрылғыны жылына бір рет қуаттандырып тұру қажет. Қой мен жылқы отар және үйір болып жүретін жануарлар, ал ірі қара мал топ болып та, жалғыз да жайыла береді. Сондықтан ірі қара малға басқа қуатсыз жұмыс жасайтын құрылғы керек екенін  түсіндім. Есіме бұрыннан естіп жүрген RFID технологиясы түскен еді. Ол технология электрмагниттік толқындар арқылы ақпаратты жақын ара қашықта жіберіп тұрады.  Технология үш бөліктен: транспондер (оқитын құрылғы), трансивер (RFID-сырға) және ақпаратты өңдейдін компьютерден тұрады. Оқитын құрылғы сырғаға 30 см жерден бағытталған кезде оған электрмагниттік толқындар арқылы ток жібереді. Трансиверден алынған токпен қуат алған сырға ішіндегі микрочип «оянып», малдың нөмірін береді. Барлық мал саналып болған кезде, трансивер ақпаратты өңдейтін құрылғыға жолдайды. RFID технологиясын қолдану бағыттары өте көп, мысалы, үлкен қоймаларда заттың ішін ашып қарамай-ақ, трансивер арқылы өткізіп, тез арада санап шығуға болады.

Қазір қойды телефонмен бағып жүрміз, қойшының керегі жоқ - жас кәсіпкерБиыл «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы осы мал санайтын құрылғыға грант алып, сонымен айналысып жатырмын. Бұл технология малдың әр басы туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Әр малдың жай-күйін зерттеп, оларды топтарға бөліп, керек вакциналардың дозасы мен нақты уақытын белгілеп, жыл сайынғы төлдің санын 70-тен 95 пайызға дейін арттыруға септеседі.

— Кәсіпкер ретінде қандай мемлекет қолдауын пайдалануға болады?

—  «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы жаңа идеяларды жүзеге асыруға болады. Қазіргі таңда отбасылық шаруалар одан әрі дамып келеді. Оларға құдықтың, автономды күн мен желден алынатын шағын электр стансаларының жарты ақысын қайтарып беретін, оның үстіне қора, техника және малдың селекциялық жұмыстары үшін берілетін субсидиялар өте тиімді.  Мемлекет басшысының атап өткеніндей, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының мерзімін ұзартып, жыл сайын қосымша 30 млрд теңге бөлінетін болса, кәсіпкерлердің тынысы ашыла түсері анық.

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын өркендетудің барлық мүмкіндіктері жасалуда. Осы орайда Елбасы айтқандай, ауыл кәсіпкерлері шаруашылық жүргізудің жаңа әдістерін үйренуі қажет. Ол үшін озық үлгілерді таратып, жаппай оқығанның еш артығы жоқ.

Өз басым ауыл шаруашылығын цифрландыруға бұдан былай да үлесімді қоса бермекпін.