Қажылық 2019: кім қажылыққа бара алмайды
Қысқа сілтеме алу
Биыл қажылыққа 3200 қазақстандық барады
НҰР-СҰЛТАН, 18 шілде – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай Өтпенов қажылыққа жағдайы бар мұсылмандар бара алатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нөкежанов биыл қажылыққа 3200 қазақстандық баратынын хабарлады.
«Биыл қажылық маусымы 30 шілдеден басталады. 30 шілде күні қажылыққа ниет танытқан азаматтар Шымкент пен Ақтау қалаларынан Сауд Арабиясына аттанады. Қажылыққа Сауд Арабиясы корольдігі тарапынан бізге 3200 азаматқа квота берілді. Қазақстандықтарды FlyNas және Scat әуекомпаниясы тасымалдайды», — деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сондай-ақ, ол қажылыққа баратын адамдарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай Өтпенов арнайы миссия құрылғанын айтты.
Қажылыққа баратын 3200 адам үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан арнайы миссия құрылды
«Қажылыққа баратын 3200 адам үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан арнайы миссия құрылды. Онда оған біздің басқарманың басшылық құрамы, білікті имамдар, дәрігерлер, БАҚ өкілдері бар. 500-ге жуық мешітте қажылыққа баратындарға арнайы семинарлар ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді», — дейді наиб мүфти.
Оның айтуынша, қажылық миссиясының төрағасы бас мүфтидің орынбасары Алау Әділбаев.
Сондай-ақ, Наурызбай Өтпенов қажылыққа кімдер бара алатынын, әрі ол үшін қарыз алудың қажеті жоқ екенін жеткізді. Себебі, шариғатта оған рұқсат етілмеген.
Тағы оқыңыз: Кіші қажылыққа барған алматылық: он түнді ұйқысыз өткіздім
«Кез келген мұсылман қажылыққа барғысы келеді. Оны армандайды. Қажылық кімге парыз екенін алдын ала біліп алғанымыз жөн. Алла Тағала қасиетті Құранда «кімнің жағдайы келсе, сол адам өмірінде бір рет қажылық жасасын» деген. Яғни жағдайы бар мұсылман өмірінде бір рет қажылыққа баруы парыз. Әрине, одан кейін де баруға болады. Кейбір кездері адамдар қажылыққа бару үшін бір-бірінен қарыз немесе көмек сұрайды. Шариғат мұны қолдамайды. Қажылық – құлшылық. Ол демалатын орын емес. Сондай-ақ, қажылыққа бару, бұл бір дәрежеге көтерілетін мансап емес. Мұны білген жөн», — деді ол.
Сөз соңында наиб мүфти қажылыққа көбінесе Түркістан облысының тұрғындары баратынын айтты. Қажылыққа, негізінен 30-50 жас аралығындағы қазақстандықтар аттанады екен.
sputniknews.kz