Қазақтар «джипті» жақсы көреді, бірақ түбі метроға мінеріміз анық – Райымбек Баталов
Астанада өтіп жатқан «Kazakhstan Global Investment Roundtable – 2022» дөңгелек үстелінде «Атамекен» ҰКП Президиумы төрағасы Райымбек Баталов сөз сөйледі. Ол модератордың электр энергиясына қатысты сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Ulymsedia.kz.
«Мемлекет басшысы көмірсутегісі төмен бағдарламаларды дамыту жағынан саяси жігері бар. Бұл өте маңызды. Қазақстан оның бәрін қабылдады. Біз алға жылжып, жасыл экономика мен жасыл технологияларды басым бағыттардың бірі ретінде айқындап алдық. Алайда біз бұл мәселег прагматикалық тұрғыда жақындау керектігін жақсы түсінеміз. Қазақстанның бүгінгі таңдағы ең үлкен басымдығы – электр энергиясының бағасы дер едім. Біз осынау басымдығымызды пайдалануымыз керек.
Біз тұрақты мемлекетпіз. Саяси тұрғыдан да», — дейді Райымбек Баталов.
Ол өз сөзінде кенді экспорттағаннан гөрі жел диірмендері секілді дайын өнімдерді экспорттаған дұрыс екенін атап айтты. Сол себепті бұл тұрғыда Қазақстанның стратегиясы айқын, мүмкіндіктері мол екенін жеткізді.
«Қазақтар көліктерді жақсы көреді. Джип мінгенді қалайды. Әйткенмен, метро мен теміржолдың ыңғайлылығы көзге айқын. Еуропада жиі болғаннан кейін біздің де түбі соған көшетінімізді білеміз. Біздің елде бұл бағытта инвестициялық мүмкіндіктеріміз де мол. Біз шын мәнінде де, көліктің сол бір ыңғайлы түрлеріне көше бастаймыз», — деді ол.
Айта кетсек, Астанада дәл қазір жаһандық инвестиция бойынша «Kazakhstan Global Investment Roundtable – 2022» дөңгелек үстелі өтіп жатыр. Форумда спикерлер негізгі даму үдерістерін талқылап, әлемдік экономика, жаһандық іскерлік белсенділік және мүмкіндіктер, ынтымақтастықты кеңейту және инвестиция тарту мәселелері бойынша ойын ортаға салады.