Қазақстанның көпбалалы саясаткерлері туралы не білеміз?
Қазақстанда бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан көп баласы бар ата-аналар көпбалалы саналады
НҰР-СҰЛТАН, 20 қазан – Sputnik. Жоғары лауазымды қызмет атқарып жүрген көпбалалы саясаткерлердің бірсыпырасын назарларыңызға ұсынамыз.
Бауыржан Байбек
Саясатта жүрген көпбалалы әкелердің бірі – «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек. 45 жастағы әке бес бала тәрбиелеп отыр. Жұбайы – Жанар Байбек.
Бауыржан Байбек қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдерінде еркін сөйлейді. Осыған дейін Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған.
Ғабидолла Әбдірахымов
Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың 4 баласы бар: Әсел (1998), Аделя (2003), Алтынай (2009) және Әлихан (2004). Әйелінің аты-жөні – Данара Әбдірахымова.
Жуырда 44 жастағы көпбалалы әке Қазақстан премьер-министрінің кеңесшісі болып тағайындалды.
Мағзұм Мырзағалиев
Ел демографиясына үлес қосып жүргендердің бірі – экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
40 жастағы шенеунік жұбайы Айым Мырзағалиевамен 5 бала тәрбиелеп отыр.
Мырзағалиев қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерін біледі. Экология министрлігін осы жылдың 17 маусымынан бері басқарады.
Елжан Біртанов
Көпбалалы атқамінерлер тізіміне денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та кіреді.
Біртанов қазір 48 жаста, үйленген, 4 баласы бар.
Кәсіби мансабын Алматы қаласында жедел медициналық көмек ауруханасының реаниматолог-дәрігері болып бастаған еді.
Жеңіс Қасымбек
Облыс әкімдерінің арасында да көпбалалы әкелер баршылық. Соның бірі – бір ай бұрын Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалған Жеңіс Қасымбек.
44 жастағы атқамінердің Ақерке (1997), Жансая (2000), Ләйлім (2003) және Мәди (2006) есімді төрт баласы бар. Жұбайы – Ақжан Қасымбек.
Нұрлан Ноғаев
Атырау облысы әкімінің 5 ұлы және бір қызы бар. Әйелі – Бағдагүл Ахметова.
52 жастағы әкім Атырау облысын 2016 жылдың көктемінен бері басқарады. Осыған дейін Батыс Қазақстан облысының әкімі болған.
Қуанышбек Ысқақов
Осы жазда Қызылорда облысының әкімі болған Қуанышбек Ысқақов та көпбалалы саясаткерлердің қатарында. 51 жастағы басшы үйленген, 5 баласы бар.
Серікбай Тұрымов
Маңғыстау облысының әкімі 5 бала тәрбиелеп өсірген.
55 жастағы атқамінер мамандығы бойынша инженер-құрылысшы. Маңғыстау облысының әкімі қызметіне 2019 жылдың 13 маусымында тағайындалған болатын. Әр жылдары Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының әкімі, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Жаңаөзен әкімі, Ақтау әкімі, Маңғыстау облыстық маслихаттың хатшысы қызметтерін атқарды.
Болат Бақауов
Павлодар облысын басқаратын Болат Бақауов – бес баланың әкесі.
48 жастағы шенеунік әр жылдары Ақсу қаласының әкімі, Павлодар қаласының әкімі, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты қызметтерін атқарды. Бір кездері жеке кәсіпкер де болған.
Құмар Ақсақалов
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі үйленген, 5 баласы бар.
54 жастағы Ақсақалов облысты 2017 жылдың 14 наурызынан бері басқарады.
Әр жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
Қазақстанда бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан көп баласы бар ата-аналар көпбалалы отбасы саналады.
Мәліметтер ашық дереккөзден алынды
sputniknews.kz