Қазақстанның бір облысы толық карантинге жабылды

0

Коронавирустың таралуына байланысты Шығыс Қазақстан облысына кіріп-шығуға тыйым салынды. Тек кейбір санаттағы адамдарға рұқсат беріледі. Бұл туралы өңірдің бас мемлекеттік санитар дәрігері Қанат Тұрдиевтің жаңа қаулысында жазылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Аймақта карантин 15 сәуірге дейін ұзартылды.

Жаңа қаулыға сәйкес, рұқсат қағазы бар адамдарды қоспағанда,  азаматтардың облыс аумағына/аумағынан кіруіне/шығуына тыйым салынады.

«Ерекше жағдайларда осы қаулыда көрсетілген санаттарды қоспағанда, адамдардың жекелеген санаттарына санитария бекеттері арқылы шығуға және кіруге рұқсаттар қаланың/ауданның жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша берілуі мүмкін», — делінген құжатта.

Ерекшелік:

— халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының, медициналық, санитариялық-эпидемиологиялық, құқық қорғау, арнайы жедел және авариялық қызметтер қызметкерлері;

— медициналық көрсеткіштер бойынша кететін және келетін адамдар;

— карантиндік стационарларда емделуде және бақылауда болған адамдар;

— транзиттік жолаушылар мен жүктерді автотасымалдаушылар;

— вахталық қызметкерлерді тасымалдайтын көлік құралдары;

— құқығын растайтын құжаттарды ұсынған кезде қала сыртындағы үйлерге, саяжайларға, омарталарға, қыстақтарға бару үшін тұрақты тұратын жеріне қайтып келетін адамдар мен облыс тұрғындары (бір отбасы мүшелері);

— жұмыс берушінің мөрімен расталған еркін үлгідегі анықтамасы болған кезде тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейін және кері қарай жүріп-тұру;

.- растайтын құжаттары болған жағдайда, мемлекеттік органдарға виза алуға баратын шетелдік тұлғалар (олардың өкілдері);

Санаттардың толық тізімін мына жерден көруге болады.

ШҚО-да санитарлық бекеттер орнатылады:

— Алматы облысы тарапынан Шығыс Қазақстан облысының сыртқы шекараларына кіруді / шығуды бақылау үшін 3 санитарлық бекет;
-Қарағанды және Павлодар облыстары тарапынан Шығыс Қазақстан облысының сыртқы шекараларына кіруді / шығуды бақылау үшін 3 санитарлық бекет;
— Қазақстанның мемлекеттік шекарасы арқылы өтетін «Ауыл», «Уба», «Бақты», «Майқапшағай» өткізу пункттеріндегі (Шемонаиха, Бородулиха, Үржар, Зайсан аудандары – бір-бірден) 4 санитария бекеті.

Айта кетейік, жаңа қаулы 2021 жылғы 2 сәуірден бастап күшіне енеді.