Қазақстанның білім жүйесін ұлттық мүдде тұрғысынан реформалау керек – Ерұлан Жиенбаев
Алматы қаласында мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша мәжіліс депутаттығына түсіп жатқан азаматтардың қарасы қалың. Солардың ішінде Алматы қаласындағы №3 сайлау округынан мәжіліс депутаттығына үміткер Ерұлан Жиенбаев. Ерұлан Әсентайұлы өзінің сайлауалды бағдарламасын жас ұрпақтың болашағына арнағанын айтады.
«Қазақта «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, Мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді» деген қанатты сөз бар. Қазақстан жер ауданы бойынша әлемде 9 орын алады, қазба байлықтары бойынша шамамен 6 орында болса, халық саны бойынша 62 ші орында тұр. Жан басына шаққанда бір адамға келетін жер ауданы мен қазба байлығы жағынан Қазақстан азаматтары әлемде алдыңғы ондықта. Бірақ, Қазақстан халқының тұрмыс тіршілігі бұл көрсеткішке сай емес. Әрбір жас сәби дүниеге шамамен 10 000$ сыртқы қарызбен келіп жатыр.
НЕГЕ мемлекетімізде мұндай ӘДІЛЕТСІЗДІК орын алып отыр?
Себебі – САУАТСЫЗДЫҚТА. Екі түрлі стандартпен өмір сүріп жатқанымызды ажырата алмайтын кәсіби және рухани сауатсыздық.
Бала бақша, мектеп және жоғарғы оқу орындарының стандарттары шынайы өмір стандарттарымен сай келмейді, сапасы сын көтермейді. Қажетті емес бос академиялық білім көп, нағыз өмірге қажетті дүние жоқтың қасы. Білім жүйесінің негізгі мақсаты – қара басының қамы үшін қамданатын биологиялық құлтемір дайындау емес, «Елім!» деп емешегі езіліп тұратын кәсіби және рухани сауатты тұлғаны қалыптастыру бүгінгі күннің талабы. Қазіргі кезде білім жүйесінің концепциясы қазақтың табиғатына, менталитетіне, дүниетанымына мүлдем жат. Қазақстанның білім жүйесін түбегейлі түбірімен ұлттық мүдде тұрғысынан реформалау – кезек күттірмейтін стратегиялық мәселе. Қазақтың ұлттық құндылықтары мен ұлттық дүниетанымы – Қазақстанда өмір сүріп жатқан қазақтарға ғана емес, барлық этностар үшін де өздерін толық қауіпсіз және еркін өмір сүруінің кепілі», – дейді ол.
Ерұлан Әсентайұлының айтуынша, мемлекеттің ең маңызды әлеуеті, ең жоғарғы құндылығы – адам! Сондықтан да ол Жаңа Қазақстанда адам еркіндігі мен құқығы, таңдау жасау еркіндігі мен өзін-өзі дамыту мүмкіндігі бәрінен де үстем болуы керек деген пікірде.
«Бір сөзбен айтқанда, қоғамда заң үстемдік құруы қажет, «заң алдында хан да, қара да» тең. Заң үстемдік құратын қоғам орнату үшін рухани-адамгершілік құндылықтардың дәріптелуі қажет. Арсыздық пен надандыққа алып баратын мүмкіндіктердің барлығы заңмен шектелетін жасампаз қоғам құру әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы болуы тиіс.
Бұқаралық ақпараттық құралдар мен әлеуметтік желілерге рухани-адамгершілік құндылықтарға нұқсан келтіретін барлық ақпараттарға шектеулер қойылуы қажет. Есесіне мемлекет тарапынан мейілінше ғылыми-танымдық, рухани-адамгершілік, отбасылық, т.б құндылықтарды үгіт-насихат қылуға қолдау көрсетілуі керек.
Адамзат тарихында ықылым заманнан бері өркениеттің қайнар көзі сақ, ғұн мен түрік тайпалары болғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Олардың заңды мұрагері қазіргі қазақ ұлты екенін бүкіл әлем мойындайды. Қазақ ұлтының генетикалық кодында жасампаздық әлеует басым. Себебі бұл әлеует ата баба қанымен ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан асыл қасиет.
АҚШ-тың мемлекет және қоғам қайраткері, Нобель сыйлығының иегері Генри Киссинджер: «Қазақстан – өркениеттің бесігі, – дей келе, – Қазақстанда «Алтын адам» алты жерден табылды, ал бұл Египетте және басқа жерлерде табылған алтын жәдігерлерден қарағанда әлдеқайда көбірек…», 6000 жыл бұрын адамзат тарихында алғашқы саз балшықтарға «А сызықты» жазумен жазылған жазбалар ресми ғылымда «өлі тіл» деп саналып келді. Алайда, «өлі тіл» қазақша сөйледі. Ең алғаш қарасорадан қазіргідей ақ қағаз жасаудың технологиясын да алғаш Сақтар жасап кітап жазу өндірісінде пайдаланған. Сақтардың Аққағаз патшайымы мен әлемдегі ең ірі Отырар кітапханасы соның дәлелі. Жылқыны алғаш қолға үйретіп, атты әскер күшімен соғыс жүргізу де қазақтардың ата бабаларына тиесілі. Осылай шексіз жалғастыра беруге болады. Бір сөзбен, кезінде Елизавета ІІ айтқандай: «Қазақтар өздерін өздері танымайды, егер олар өздерін шын танитын болса, онда бүкіл әлемді жаулап алар еді!». Біз өзіміздің генетикалық кодымыздағы тұншығып жатқан құнды әлеуетімізге зер салмай, дамудың бағытынан адасып жатқан жайдамыз», – дейді кандидат.
Кандидат сөз соңында өзі сайлауға түсіп жатқан Алматы қаласының Алатау және Мұхтар Әуезов аудандарының халқын сайлауға келіп, өзіне дауыс беруге шақырды. Сондай-ақ ол халықтың сайлауда белсенді болуы өте маңызды екенін ескертті.
Республикалық бюджет есебінен Алматы қаласының сайлау комиссиясы төледі