Қазақстанға жақын аймақта Талибанның 15 мың әскері орналасқан

0

Тәжікстан мен Түркіменстан шекарасында «Талибан» қозғалысының шамамен 15 мың мүшесі бар. Бұл туралы 25 ақпанда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) басшысы Анатолий Сидоров Мәскеудегі баспасөз мәслихаты кезінде айтты.

Оның айтуынша, қозғалыс мүшелерінің жалпы саны 70 мыңға жетіп жығылады.

2020 жылы 12 наурызда Катар астанасы Дохада Ауғанстан мен «Талибан» арасында бейбіт келіссөз процесі басталған. Алайда әлі күнге дейін делегациялардың бірде-бір отырысы өткен жоқ, себебі тараптардың техникалық топтары күн тәртібіндегі және процедуралық мәселелерді талқылаумен келеді.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Ауғанстанда 20 жылға жуық созылған соғысты аяқтауға күш салатынын айтқан. Алайда Катардағы тарихи бейбіт келіссөзге қатысқандардың санаулы мүшелері ғана ауған үкіметі (оларды АҚШ қолдайды) мен Талибан қозғалысы арасында келіссөздің сәтті өтетініне сенеді.

Екі тараптың әйел құқығы мен шариғат заңына бағыну сияқты негізгі мәселелер бойынша көзқарастары қайшы.

Келісім америкалық әскери қызметкерлердің санын 8500-ге дейін қысқартып, 2021 жылдың мамыр айына дейін елден шығаруды қарастырады. Ал тәліптер келісімде жазылған өздеріне жүктелген міндеттерді орындауы тиіс.

АҚШ 2001 жылы 11 қыркүйекте болған терактіден кейін Ауғанстанда соғыс бастаған. Ауғанстанға әскер кіргізген АҚШ адам құқығын өрескел бұзумен танымал діни фундаменталистік топ — Талибанды ығыстырып, содан бері Ауғанстанның қауіпсіз, демократиялық елге айналуына қолдау көрсетіп келеді. Алайда Талибан мен өзге де діни топтардың үздіксіз шабуылы Америка әскерінің шығуын кідіртіп жатыр.

Вашингтон Ауғанстандағы соғысқа 2 триллион доллардан астам қаражат жұмсаған және 20 жылға жуық жыл ішінде 2300-ден астам сарбазынан айырылған.