Арыста мәдениет үйінде мектеп оқушыларының байқауы жаппай төбелеспен аяқталды (видео)

0

Бас жүлдеге бола бас жаруға дейін барды. Арыс қаласында әскери дайындық пәнінен өткізілген оқушылар арасындағы сайыс жаппай төбелеспен аяқталды. Жеткіншектер әділқазылардың шешіміне қырқық пышақ болған.  Бұл туралы КТК телеарнасының репортажында айтылды.

— Арыс қаласы әкімі Мұрат Қадырбектің арнайы дипломымен, 20 мың теңге сертификатпен, әй, әй!

Сайысты салтанатты түрде қортындылауға Мәдениет үйіне жиналған оқушылар бір-бірімен жаға жыртысып жатыр. Топ-топ оқушылардың төбелесінде кім-кімді тоқпақтап жатқаны да түсініксіз. «Қой» деп жатқан мұғалімдерді тыңдаған бала жоқ. Ашуға булыққандарды әупірімдеп жүріп сыртқа шығарғанымен, төбелес далада да жалғасыпты. Абырой болғанда айтарлықтай жарақат алғандар жоқ. Соған қарамастан полицейлер тентек оқушыларды тергеп жатыр. Ал карантин талабын бұзғаны үшін аталмыш шара ұйымдастырушылары әкімшілік жазаға тартылған.

Салтанат Қаракөзова, Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы:

— Іздестіру жұмысын жүргізгенде бұзақылық жәйтіне қатысты жергілікті тұрғындар анықталды. Барлығы жас жігіттер. Оқу бөлімдерінің оқушылары. Оларға қатысты тергеу жүргізілуде. Болған оқиғаның мән жайы анықталуда.