Қазақстанға экспортталатын тәжік лимоны екі есе арзандаған

0

Тәжікстанда жылдың басынан бері лимон бағасы екі еседен астам арзандаған. Былтыр Тәжікстанның бір ғана Жейхун ауданы Қазақстан мен Ресейге 500 тонна лимон экспорттаған.

Тәжік фермерлері лимон бағасының күрт арзандауын биыл лимонның көп жиналғанынан және цитрус жемістердің экспорты азайғанынан көреді. Олар лимон өсіруге кеткен шығын ақталмай отырғанына қынжылады. Бұрын Душанбе базарында лимонның келісі 10-12 сомониден сатылса, қазір 5 сомониден алуға болады. Тәжік саудагерлері фермерлерден лимон келісін 3-4 сомониден сатып алады. Тәжіктің 1 сомониі 0,10 АҚШ долларына тең.

Азаттықтың Тәжік редакциясына Тәжікстанның Хатлон облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әмірбек Темурдің айтуына қарағанда, Тәжікстан жеміс-жидектерін экспорттайтын жаңа рынокқа мұқтаж болып отыр. Оның сөзінше, 2019 жылы лимон өсіретін жылыжайлар күрт көбейіп, лимон бұрынғыдан әлдеқайда көп жиналған. Тәжікстан жеміс-жидектерінің қазіргі негізгі рыногы – Қазақстан мен Ресей.

Тәжікстанда лимон 1935 жылдан бастап өсіріледі. Қытайдан әкеліп жерсіндіріліп, совет кезінде Вахш даласында цитрус жемістер өсіретін арнайы совхоздар құрылған.

Azattyq