Қазақстандықтарға зейнетақы шотындағы ақша қашан беріледі?

0

Егер мемлекет басшысы үкімет енгізген ұсыныстарды мақұлдаса, зейнетақы жинағын беру тетігі толығымен 2021 жылдан бастап іске қосылады

НҰР-СҰЛТАН, 14 қаңтар – Sputnik. Қазақстандықтар зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін баспана алуға 2021 жылдан ерте жұмсай алмайды. Бұл туралы «Хабар 24» арнасындағы «Дөңгелек үстел» бағдарламасында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.

«Біз ұсыныстарды мемлекет басшысына енгіздік. Егер президент мақұлдаса, үкімет жол картасын әзірлейді. Зейнетақы жинағын алу үшін де қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуіміз керек. Сондықтан да заң жобасын қабылдауға уақыт қажет. Бұл кем дегенде жарты жылға созылады. Ал шын мәнісінде, әрине, 2021 жылдан», — деді Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, жұмыс істейтін азаматтарға «жеткіліктілік шегінен» асатын соманы жеке мақсатта жұмсауға мүмкіндік беруге болады.

«Жеткіліктілік шегі» – бұл зейнет жасына жеткенде, өмірінің соңына дейін елдегі ең төменгі зейнетақыдан кем емес зейнетақы алып тұруға жететін жинақ сомасы. Жеткіліктілік межесі әр жас үшін әртүрлі болады. Мәселен, 40 жастағы адамның қажетті соманы жинауға әлі 23 жыл уақыты бар», — деп түсіндірді ол.

Екінші категория – зейнеткерлер. Үкімет оларға зейнетақы шотындағы ақшасының жартысын алуға мүмкіндік беруді ұсынып отыр. Бірақ, бір шартпен ғана – шотта қалған ақша әлгі адамның зейнетке шыққандағы табысының 40 процентінен кем болмауы тиіс.

Тағы оқыңыз: Министр зейнетақы жинағындағы ақша қандай сомадан бастап берілетінін айтты

«Осылайша, біздің есебіміз бойынша, бірінші категория – жұмыс істейтін азаматтар, олар шамамен 113 мың адам және зейнет жасына жеткен 120 мыңға жуық адам осы мүмкіндікке ие болар еді. Біз, ақшаны, ең алдымен, баспана мәселесін шешуге, емге жұмсауды ұсынамыз. Сондай-ақ, әр азамат өз таңдауына қарай зейнетақы жинағының бір бөлігін зейнетақы активтерін басқару бойынша жекеменшік компанияға аудара алады», — деді министр.

Айта кетсек, үкімет жуырда президентке зейнетақы жинағын пайдалануға беруге қатысты ұсыныстар енгізді.



sputniknews.kz