«Қытайда 13 жыл түрмеде отырып, саяси лагерьде болған күйеуім Қазақстанға қайта алмай отыр»

0

14 қаңтарда Алматыда Қытайдың Қазақстандағы бас консулдығы алдында Фарида Қабылбек есімді әйел пикет өткізіп, күйеуі Қазақстан азаматы Рахымжан Зейноллаұлының 16 жылдан бері Қытайдан қайта алмай жүргенін айтып, көмек сұрады.

Қабылбектің айтуынша, оның күйеуі 2004 жылы Қытайдың Боро-Толо Монғол автономиялы аймағына қыдырып барған жерінде ұсталып, «тыңшылық жасады» деген айыппен 13 жылға сотталған.

Рахымжан Зейноллаұлы 2017 жылы түрмеден босап шыққаннан кейін 1,5 жылға қайтадан саяси лагерьге қамалған. Қазір үйқамақта отыр.

16 жылдан бері Қазақстанның құзырлы органдарына үздіксіз шағымданып келе жатқанын айтқан Фарида «Қытай билігі күйеуімді 13 жылға жазықсыз соттағанымен қоймай, енді әйелі мен баласына да жібермей отыр. Қытайдың Қазақстандағы бас консулы осы мәселені шешіп берсін» дейді.

Қытай консулдығынан ешкім шықпады. Ондағылар күзет бөлімі арқылы «Арыз жазып қалдырсын» деп жауап берді.

Консулдық ғимараты алдына келген Алматы қалалық ішкі саясат бөлімінің өкілі Рита Ерманова «рұқсат етілмеген пикеттің заңсыз екенін, оны тоқтатпаған жағдайда әкімшілік айыппұл салынатынын» айтты.

Шыңжаңдағы ұйғырларды, қазақтарды және басқа да діни азшылықтарға қысым жасалып жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылдың сәуірінен бастап белгілі болған. Былтыр БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам қамауда отыруы мүмкін деп мәлімдеген. Пекин басында лагерьлер жайлы хабарды жоққа шығарған. Кейін лагерьлерді экстремизм және терроризммен күресу үшін ашылған «тәрбиелеу орталығы» деп атаған. АҚШ және Батыс елдері Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап келеді. Пекин барлық айыптауды жоққа шығарады.

2018 жылдан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда «туысымыз Шыңжаңда қамауда отыр» деген адамдар бірнеше рет жиын өткізіп, Қазақстан билігінен көмек сұраған. Қазан айының басында АҚШ «Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауға қатысы бар деп» Қытайдың бірнеше компаниясы мен шенеунігіне санкция салған.

Былтыр қазан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарынан кейін Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Шыңжаңда лагерьлерде «бірде-бір этникалық қазақ жоқ» деп мәлімдеген. Бірақ туыстарының Шыңжаңда қамауда жатқанын айтқан кейбір тұрғындар биліктің бұл сөзіне күмән келтіріп, туыстарын қайтаруға көмектесуді сұрады.

Қарай отырыңыз: Күйеуім Қытайда қамауда отыр (25 қараша 2019 жыл).

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз