Қазақстандық жұлдыздар өнердегі сырлас достары туралы айтты
Қазіргі таңда қазнет Нұржан Керменбаев мен Жанар Хамитованың өткен шақтағы махаббат хикаясын қызу талқыға салып жатқанда, Қапкарашканың тағы бір құпиясы ашылды, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Қара баланың осы уақытқа дейінгі елге беймәлім қызықтарын жалпақ жұртқа жария қылған – Аян Бірбаев. Олар осыдан он үш жыл бұрын Super Star.kz жобасында алғаш рет жүздескен. Олардың өнердегі таныстықтары, өмірде шынайы достыққа ұласыпты. «Ринголық» әншінің айтуынша, ауылдан келген қара бала орыс тілін мүлдем білмеген екен. Оның акцентпен сөйлеген сөздері, қалалық жігіттерге ерекше көңіл-күй сыйлаған көрінеді.
«Біз Нұржанмен Super Star.kz жобасында танысқанбыз. Мен, «Ринго» тобындағы Данияр мен Әділжан және Нұржан төртеуміз бір топқа түстік. Сол кезде Сәтпаев қаласынан келгенін айтып, мен «Ауылдың баласымын» деп жүретін. Орысша сөйлей алмайтын. Акцентпен сөйлейтін. Біз оған қатты күлетінбіз. Қазір ғой орысша әдемі қылып сөйлейді де. Содан бері біз жақсы араласып кеттік. Сөйтіп финалға кім өтті дейсіз ғой.
Алматыда жүрген үш жігіт жайына қалды да, ауылдан келген қара домалақ бала өтіп кетті. (Күледі.) Мен ерекше бағалайтын қасиеті – қалжыңды көтереді. Өте адал, әрқашанда көмектесуге дайын. Біз жайдан-жай әңгімелесе алмаймыз. Міндетті түрде бір-бірімізді әзілдеп шұқылап жүреміз. Ғаламторда да, әлеуметтік желіде де бір-біріміздің парақшамызға бір нәрсе жазбасақ жүре алмаймыз. Біздің оқырмандар да біледі. Жекеге жазып, өзара әзілдерімізге ризашылықтарын білдіріп жатады көпшілік», — дейді Rin’Go тобының әншісі Аян Бірбаев.
Аян айтқан әңгімені Нұржан жоққа шығармайды. Қара бала кезінде өзін келеке қылған Бірбаевпен қазір жақын қарым-қатынаста екенін ашып айтады.
«Аян өте сезімтал, әзілге жақын жігіт. Бір-бірімізбен қатты әзілдесеміз. Содан кейін Аянмен кез келген тақырыпта сырласа аламын. Ол маған өзінің мұңын шаға алады, мен оған өзімнің қиын кезеңдеріммен бөлісуім мүмкін. Қуанышты жағдайларда да біргеміз, Құдайға шүкір! Сондықтан біз сахнадан бөлек, өмірде де жақсы араласамыз. Таяуда жақсы бір кездесу ұйымдастырып, досыммен сырласып қайтпақшымын», — дейді Нұржан Керменбаев.
Әли Оқаповтың да өнердегі сырласар жақындары санаулы. Бүгінде халық әртісінің ұлы мен «Ринголық» Данияр Өтеген айнымас достарға айналған. Әріптестер жүздесе қалса, шығармашылықты жиі талқыға салады. Әли кәсіби музыкант ретінде Даниярға демеу берсе, «Ринго» төрттігінің әншісі шоу-бизнестегі тәжірибесін бөліседі екен.
«Данияр достары үшін өте адал, ішкен асын жерге қоятын азамат. Әрқашан жаныңнан табылады. Бірақ, мен бағалайтын ерекше қасиеті – әрқашан да шындықты айтады. Әнді көрсетсең де, бейнебаянда да өз көзқарасын шынайы айтады. Мына жерің дұрыс болмады, мына жерің жақсы екен деген сияқты… Кеңесші ретінде маған өте қымбат адам. Тәжірибесі мол. Сондықтан, Даниярмен жақсы доспын. Менің 10-20 жас үлкен достарым да бар», — дейді Әли Оқапов.
«Әли өте жақсы дос. Сөзінде тұратын, өз кәсібіне немқұрайлы қарамайтын жандардың бірі. Біз өте жақын доспыз, өте көп араласамыз. Жұмыс барысында да кез келген әнді, клипті бірге талқылаймыз. Идеялармен алмасамыз. Құрдас емеспіз. Біздің жас айырмашылығымыз 4-5 жас. Бірақ айырмашылық сезілмейді», — дейді Rin’Go тобының әншісі Данияр Өтеген.
Ал, Бағлан Әбдірайымовтың ән әлеміндегі ең жақын жан жолдасы – Жасұлан Базарбаев. «Диета.кз» тобындағы алып денелі әртіс пен «Жігіттер» квартетінің әншісі түйдей құрдас. Қос әріптестің әлеуметтік желіде өзара қағытпа қалжыңы да бар. Инстаграмда бір-бірін астарлы әзілмен түйреп, келеке қылатын екі достың мақсаты – оқырмандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау!
«Жасұлан – таза адам! Қанша қалжыңдассақ та, оның жан-дүниесі өте таза. Өзінің сондай бір ерекшелігі – арамдық сақтамайды. Содан кейін ғой байғұстың салмақ қосып, семіріп кеткені. (Күледі.) Көрсең бір әзілдескің келіп тұрады. Жасұланмен салмақты бір әңгіме өрбітсең, ел-жұртқа да онша қызық емес сияқты. (Күледі.)», — дейді «Жігіттер» тобының әншісі Бағлан Әбдірайымов.
Өнер өкілдері өзі қатарластарымен достық қарым-қатынас орнатса, Ернар Айдар керісінше аға буынмен сырласатын болған. Мәселен, әншінің жанын түсінер жалғыз жан – Мейрамбек Бесбаев.
«Мейрамбек ағамызбен мен көп сырласамын, ақылдасамын. Менің ойымша, достыққа жас айырмашылығы ешқандай кедергісін келтірмейді. Ол кісінің кеңестері өте көп. Маған ең көп айтатынын ақылы: білім ал, білімді бол. Мен концерт берердің алдында қатты қобылжып кетемін. Сондай кезде «Ашуланба, жүйкеңе әсер еткізбе, миыңды қатты шаршатпай, сахнада емін-еркін ән айт» , деді. Республика сарайында өткен концерттерімнің басталар алдында келіп, дәл осындай достық кеңестерін білдіреді», — дейді Ернар Айдар.
Сондай-ақ, отандық шоу-бизнесте Қарақат Әбілдина мен Мәдина Сәдуақасова сырлас құрбыларға айналса, Айқын Төлепберген мен Дастан Оразбеков және Асылхан Төлепов пен Аян Өтепбергеннің де достығы мен сыйластығына әлі күнге дейін сызат түспеген.
Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.
stan.kz