Қазақстандық вакцина уақытша тіркеуге алынды

0
10
Сурет: ortcom.kz

Қазақстандық KazCOVID-in вакцинасы 31 желтоқсанда уақытша тіркеуге алынды. Осылай деп 13 қаңтарда денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Нұрлыбек Асылбеков мәлімдеді.

«Денсаулық сақтау министрлігі барлық вакциналардың қолжетімді болуын қарастырып жатыр. Қазір өзіміздің отандық вакцина мен «Спутник V» вакцинасына дайындық жеткілікті. KazCOVID-in вакцинасы уақытша тіркеуге алынды. 31 желтоқсанда 9 айға тіркеді», — деді Асылбеков.

Ол сонымен бірге халыққа жаппай екпе жүргізуге дайындық жүріп жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, «СК-Фармация» вакциналарды сақтайтын төрт орын дайындап қойған. Сонымен бірге екпелерді аймаққа жеткізу, сақтау мәселелері де талқыланып жатыр.

Шенеунік Pfizer және Moderna вакцинасына қатысты шетелдік әріптестерімен сөйлескенін де айтты. Оларды елге шақырып жатырмыз дейді.

Ресейлік «Спутник V» вакцинасына қатысты егер сынақ нәтижелері жақсы болса, ақпан айында елге жеткізіле бастайды деді.

Қазір Батыста ең танымал үш вакцина — Pfizer/BioNTech, Moderna және оксфордтық AstraZeneca. Pfizer/BioNTech және Moderna вакцинасы сынақ нәтижелері бойынша 90 процент, AstraZeneca вакцинасы 70 процент тиімділігін көрсетті. Қытайда жасалынған Sinopharm вакцинасы болса 79 процент оң нәтиже берген.

Қазақстан билігі қазір ең тиімдісі отандық вакцина деп есептейді.

11 қаңтарда үш мың еріктіге отандық вакцинаны салу аяқталған. Қазір олар дәрігерлердің бақылауында.