Қазақстандық командалардың еуротурнирдегі алғашқы қарсыластары анықталды

0
48

18 маусымда Швейцарияның Ньон қаласында Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды.

Қазақстан чемпионы «Астана» футбол командасы (Нұр-Сұлтан) Чемпиондар лигасы іріктеуінің бірінші кезеңінде румыниялық ЧФР клубымен кездеседі.

Ал Еуропа лигасына қатысатын алматылық «Қайрат» алғашқы айналымда Широки Бриег» клубымен (Босния және Герцеговина), қостанайлық «Тобыл» Люксембургтің «Женесс» командасымен, шымкенттік «Ордабасы» грузиялық «Торпедо Кутаиси» клубымен ойнайды.

«Астана» мен ЧФР арасындағы алғашқы ойын 9 не 10 шілдеде Нұр-Сұлтанда, қарымта ойын 16 не 17 шілдеде Клужа қаласында өтеді.

Еуропа лигасының алғашқы ойындары 11 шілдеде, қарымта матч 18 шілдеде болады. «Ордабасы» жарысты өз алаңында, «Қайрат» пен «Тобыл» сырт алаңда бастайды.

Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы – UEFA (Еуропа футбол қауымдастығы) құрамына енетін елдер клубтары қатысатын жарыс. Чемпиондар лигасына UEFA ұйымына мүше елдердің чемпионатында жеңген және жүлде алған командалар қатысады.

Еуропа лигасының деңгейі Чемпиондар лигасынан төмен. Бұл жарысқа UEFA ұйымына мүше елдердің кубок иегерлері және чемпионатта жүлде алған командалар қатысады.

Azattyq