Қазақстандық ғалым мәлімдеме жасады: Пандемия қашан аяқталады?

0

Қазақстан медицина университетінің эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедрасының доценті Рафаиль Қыпшақбаев денсаулық министрлігі ұйымдастырған онлайн дәрісте коронавирус пандемиясының қашан аяқталатынын болжады. Бұл туралы kznews.kz сайты Bugin.kz платформасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Болжам жасау — абырой бермейтін іс. Пандемияға келсек, бұған дейінгі тұспалдарым теріс кетіп көрген жоқ. Вирус мутацияға түскен сайын таралу ауқымы кеңейетінін, індет жұқтырғандардың саны арта түсетінін, бірақ ауыртпалығы алғашқыдан жеңілірек болатынын айтқан едім. Солай болды да. Бәлкім, коронавирус симптомсыз инфекция деңгейіне дейін түрленетін шығар. Яғни біріншіден, вирус ғайып болмайды. Ол бізбен бірге өте ұзақ өмір сүретін шығар. Иә, қазір біз вирустың салдарымен ғана күресіп отырмыз. Себебін емдеу мүмкін болмай тұр. Осыны ескерсек, пандемия тоқтай қоймайды», — дейді ғалым.

Маманның айтуынша, коронавирустың тұмау сияқты деңгейдегі ауруға айналатыны туралы болжамдардың негізі бар. Осы орайда Рафаиль Қыпшақбаев коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеу шараларының бәрі 1-1,5 жылдан кейін аяқталуы мүмкін екенін жеткізді.

«Содан кейін бұл вирус өмірімізге мықтап еніп, тұмау мен суық тию арасындағы ауыртпалығы бар ауру қоздырғышқа айналады. Сирек жағдайларда тәуекел топтарының өкілдері үшін асқынулары болуы мүмкін. Бірақ басым жағдайда адамдар бұл инфекцияны оңай әрі жеңіл өткереді», — дейді ол.