Қазақстандық әлем чемпионы «Канело» мен Джейкобсты жекпе-жекке шақырды
Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтың чемпиондарына сес көрсетті
АСТАНА, 20 қаңтар — Sputnik. 2013 жылғы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы чемпиондармен жұдырықтасуға ниет білдірді. Ол Сауль Альварес, Дэниэл Джейкобс және Деметриус Андрадені жекпе-жекке шақырды.
«Қалайсыңдар, чемпиондар. Ұтылып қалмаңдар. Жақында әрқайсыңнан өз белбеуімді аламын. Қазір сендер мені тек инстаграмнан ғана көріп отырсыңдар. Жақында рингте бетпе-бет жүздесеміз. Сендерге қазақ бокс стилін көрсетемін. Ол жекпе-жек өмірлеріңдегі естен кетпес жекпе-жек болады, сеніңдер» — деп жазды қазақстандық боксшы инстаграмда.
«Менің салмағымның чемпиондары ғой. Бұйыртса көп күттірмеймін. Өзімнің де көп күткім келмейді. Ломаченкодан қазақ боксшыларының еш жері кем емес. Біз де қысқа уақытта чемпиондармен жұдырықтаса аламыз. Бұйыртса аз қалды! Ең бастысы сенім және тынбай жаттығу қажет!», — деп түйіндеді Әлімханұлы.
Таяуда Геннадий Головкиннің қарсыластары арасында жекпе-жек өтетіні белгілі болды. Төртінші мамырда орта салмақтағы чемпион Сауль «Канело» Альварес пен IBF титулының иегері Дэниэл Джейкобс рингте кездеседі.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/