Қазақстандағы сүттің 50 пайызы Кеден Одағының техрегламенттеріне сай емес
2018 жылғы 4 желтоқсан 15:46 174
АСТАНА. ҚазАқпарат — Қазақстандағы сүттің 50 пайызы Кеден Одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сай келмейді. Бұл туралы бүгін Қазақстан сүт одағының директоры Владимир Кожевников айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі күні жеке шаруа қожалықтарынан, тіпті фермерлік шаруашылықтардан өңдеуге келетін сүттің 90 пайызы микробиологиялық көрсеткіштері мен соматикалық жасушасы бойынша Кеден одағының техникалық регламенттері талаптарына сай келмейді. Ал қайта өңдеуге келетін шикі өнімнің жалпы көлеміндегі мұндай сүттің үлесі 50 пайызды құрайды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап сүтті қайта өңдейтін кәсіпорындар аталған өнімдерді стандартты күйге жеткізуге техникалық мүмкіншілігі жетіп тұрса да қабылдай алмайды», — деді ол.
Осыған орай оның сөзіне қарағанда, 2019 жылы бизнес мемлекетітк органдармен бірлесіп, Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) бірлескен жобасы аясында қауіпсіздік стандарттарына әрі Кеден одағының талаптарына жауап беретін сүт өндірісінің көлемін арттыру шараларын әзірлеуі қажет.
«Қазақстандық сүт саласының болашағы негізінен өңдеуге жеткізілетін шикізаттың қауіпсізді мен сапасына байланысты. Біздің қалыптасқан жағдайды түзетуге уақытымыз жоқ. Бүгінде басты міндет — барлық санитарлық-ветеринарлық талаптарды сақтайтын және Кеден Одағының техникалық регламенттеріне сәйкес келетін сүт шикізатын жеткізетін ұйым арқылы ғана сүт өнімдерін дайындауды қамтамасыз ету», — В.Кожевников.