Қазақстандағы президенттік институттың тарихи маңызы
Президенттік институт мемлекеттік басқарудың әкімшілік-әміршілдік жүйесінен жаңа нарық экономикасы мен азаматтық қоғамға өтіп жатқан кезде өзін-өзі ақтаған қадам болды. Нәтижесінде елдің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді.
Қазақстан тарихындағы осындай тағдыршешті кезеңнің астарлы тұстарын толыққанды түсіну үшін ең алдымен еліміздегі президенттік институттың қалыптасуын, сол жүйені орнатуға дем беріп, соған тікелей басшылық еткен Елбасының өмірі мен саяси қызметіне, оның сыртқы саяси өлшемдеріне шетелдік сарапшылар мен жазушылардың да көп көңіл бөлгендігі белгілі. Сондықтан олардың Қазақстандағы президенттік институттың қалыптасуы мен оның тарихи орны туралы монографиялық зерттеу жұмыстары деңгейіндегі кейбір тәуелсіз пікірлерін ескеру маңызды. Ресейлік автор Л.Млечин сол кездегі сарапшылардың, кейбір саясаткерлердің пікірлеріне талдау жасай отырып, солардың басым көпшілігі тәуелсіз Қазақстанның болашағы жоқ, ол дербес өмір сүруге дайын емес, оның ұлттық валютасы шектен тыс құнсызданып, қаржы-экономикалық жүйесі күйрейді, ол артынан әлеуметтік дүмпу мен бүлікке ұласады деп, тіпті оның мерзімін де көрсетіп, бал ашқандар көп болды дейді.
Қазақстанның тәуелсіз дамуының болашағына деген осындай сенімсіздіктің, тіптен оның тәуелсіз мемлекет ретінде он жылдан артық өмір сүре алмайтындығы туралы түрлі болжамдардың болғандығын белгілі жазушы, Ұлыбританияның мемлекет және қоғам қайраткері Джонатан Айткен де растайды. Оның ойынша, Н.Назарбаев бұл дауылдан бірте-бірте аман-есен шыға алды. Жазушы Қазақстанның жетістіктері өздігінен пайда бола салған жоқ, Назарбаев болмаса, олар да болмас еді деп, өз ойын қорытындылайды.
Н.Ә.Назарбаевтың тарихи сахнаға танымал саясаткер ретінде шығуының негізі ертеректе қаланған болатын. Кезінде оның тұлғалық қасиеттері мен басқарушылық қабілетін ескере отырып, Кеңес одағының вице-президенті немесе одақтық үкіметтің басшысы, тіптен М.С.Горбачевтің орнына КСРО президенті де болуға мүмкіндігінің болғандығы да кездейсоқ емес еді. Бұл шетелдік сарапшылардың пікірі. Мәскеулік белгілі жазушы С.Плехановтың ойынша, Н.Ә.Назарбаевқа өзгерістер дәуірінде көшбасшылық сынағынан өтіп, өзінің мүмкіндіктерін дәлелдеуге тура келді. Президент кеңестік жүйе күнінің өткендігін айқын түсінді және жаңа мемлекет құруды өз мойнына алды. Назарбаев төтенше жағдай жарияламай-ақ, күш көрсетпей ішкі бүлдіргіш күштерді жеңіп шығып, елін аман алып қалды. Сондықтан да ол әлемдік деңгейдегі саясаткерлердің арасынан лайықты орнын алды.
Халықаралық сарапшылар Н.Назарбаев үшін Президент болып сайлануы республикадағы ықпалын кеңейтумен қатар, оған көптеген қосымша машақатты да қосып бергендігін атап көрсетеді. Жаңа институтпен жұмыс істеудің тәжірибесін жинақтау керек болды. Алғашқы кездері Президенттің аппараты бірнеше адамнан-ақ тұратындығына қарамастан, азғантай командамен кейіннен тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігінің тірегіне айналған президенттік институттың құрылымдық негізін қалады.
Қазақ КСР-нің Президенті сайланғанымен толыққанды «президенттік институты» орныға салмады. Өйткені ол арнайы заңмен бекітілген шын мәніндегі тиісті мәртебесі мен өкілеттілігі бар Президент болып саналмады. Алғашқы болып сайланған президент Қазақ КСР Президенті емес, тек Жоғарғы Кеңес бекіткен Қазақ КСР Президенті қызметіне сайланған тұлға болып есептелгендігі сырт көзден тыс қалмады. Демек, Н.Ә.Назарбаев 1990 жылы Президент болып сайланса да, ол тек өкілдіктік атқарымға ие болды. Шетелдік сарапшылардың пайымдауларына қарағанда, оның қолында шын мәніндегі басқару тетіктері болмады.
Жоғарыдағы кілтипандарға қарамастан Елбасының модернизациялау жобасы қоғамның табиғаты мен халықтың жанын өзгертті. Елбасы халықаралық тәжірибені жан-жақты зерделей келе және мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси маңызы бар мәселерін аз уақытта шешу керектігін ескере отырып, алғашқы кезеңде мықты президенттік билікті қажет ететін президенттік институттың америкалық моделіне тоқталды. Сонымен бірге Н.Ә.Назарбаев қоғам дамуының барысын терең сезіне отырып, мемлекеттіліктің нығаюы мен демократиялық қайта құрулардың тереңдеуіне байланысты президенттік институтының қазақстандық жағдайға сай келетін, қоғамның экономикалық өміріне мемлекеттің белсене қатысуына басымдық беретін француз үлгісіне бейімдеді. Сөйтіп 1995 жылғы Конституция заңды түрде президенттік билікті бекітті. Қазақстандық президенттік басқару нысаны қоғамда бірыңғай мемлекеттік биліктің бөлінуі мен жұмыс істеуінің ерекше жүйесі логикалық тұрғыда аяқталған түрге ие болды. Дегенмен Елбасы алдында екі жол, екі таңдаудың болғанын біреу білсе, біреулер біле бермес. Біріншісі – бірте-бірте қимылдап, бірақ реформаның қарқынын бәсеңдету. Немесе, екінші жолға түсіп, батыл, азаматтардың есін тандыратын аяусыз әлеуметтік-экономикалық реформа жүргізу, бірақ әлеуметтік қарсылыққа тап болу. Елбасы осы екінші жолды таңдады. Бұл сол кездің ащы шындығы еді. Сонымен қатар үшінші жол да бар болған – ештеңені өзгерпей-ақ сол күйінде қалдырып, өз билігін нығайтудың қамын ғана ойлап отыра беру.
Елбасы таңдаған жол демократиялық мемлекет қалыптастырудың қажеттілігі президенттік республика құрудың дұрыстығы мен тиімділігіне назар аударуды талап етті. Құқықтық мемлекетке бет алған тұста қалыптастыру жағдайында биліктің үш тармағы күшті және өз қызметтерін жүзеге асыра алатындай жағдайда болуы қажет еді. Алайда заң шығарушы және атқарушы билікті байланыстырушы буын тек Президент қана бола алатындығы күмән келтіруге болмайтын заңдылық ретінде мойындалды. Яғни, президентсіз президенттік республиканың да болмайтындығы түсінікті болды. Сонымен бірге Қазақстанда күшті президенттік институттың қалыптасуы ең алдымен Н.Ә.Назарбаевтың тұлғасымен байланысты екендігі де шындық. Яғни, біздің елдің жағдайында Мемлекет басшысын, Президентті президенттік институттан бөліп қарау мүмкін еместігі айтпаса да түсінікті. Алайда Президентке берілген көптеген билік өкілеттіктерін биліктің тек Президенттің қолында жинақталғаны деп қараған дұрыс болмас, өйткені маңызды құқықтар басқа билік тармақтарына да берілгендігін ескерген жөн. Оның дәлелі – Елбасы бастамасымен 2004-2008, 2011 жылдары елде жүргізіліп, 2017 жылдан ерекше қарқынға ие болған саяси модернизациялау үрдісі.
Тәуелсіз Қазақстанда ұлтаралық татулық мемлекеттік саясаттың басты қағидатына, Елбасының өмірлік ұстанымына айналды. Оның өзегі мемлекет құраушы ретінде қазақ халқының топтастырушы рөлі жағдайындағы «Бірлік – алуантүрлілікте» формуласына негізделді. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты. Ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды.
Елбасының белсенді сыртқы саяси қызметінің арқасында Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартты, Семей ядролық сынақ полигоны жабылды, Қазақстан өз жерін ядролық қарудан бос деп жариялады, ядролық державалардан кепілдік алды. Ядролық қарудан өз еркімен бас тарту – қазақ халқын ажал құшағынан құтқарып, бейбітсүйгіш Ел ретінде халықаралық қоғамдастықта беделін көтерді. Полигонды жабу арқылы Президент, ең алдымен, халықтың басқа жұрттардан кем емес жағдайда өмір сүре алатынына көз жеткізді. Көптің рухын көтерді. Бір жағынан, Кеңес одағы кезінде тек шикізат көзі ретінде ғана қарастырылып келген Қазақстан туралы ұғымды өзгертті. Осыдан кейін Н.Ә.Назарбаев өзін халықтық Президент ретінде ғана емес, сонымен бірге «семсерден соқа соққан саясаткер» атанып, бүкіл әлем қол соққан дүниежүзілік деңгейдегі басшы ретінде де көрсете білді. Ал Қазақстан болса ядролық қаруды таратпау және ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шартқа қосылып, антиядролық қозғалыстың танымал көшбасшыларының біріне айналды.
Президенттік институт Қазақстанның сыртқы саясатын жүргізудің басты құралына айналды. Алғашында, сыртқы саясат бағытында кадрлар тапшы болған кезде бұл жұмыс Президенттің мойнына жүктелді. Көпвекторлы, көп бағытты дәйекті де болжамды саясаттың негізін салуда халықаралық деңгейдегі басты тұлға Елбасы болды. Президенттің беделі Қазақстанның беделіне жұмыс істеді.
Ресейлік жазушы С.Плехановтың пікірінше, Алматыда ТМД құрылмаса, бұрынғы Одақ көлемінде не боларын болжау қиынға соқпас еді. Үлкен Джордж Буштың ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Брент Скоукрофттың айтқанындай, алып Кеңес одағының күйреу қуатының жаппай азамат соғысына жеткізбеудегі Н.Назарбаевтың рөлін тарих әлі өз дәрежесінде бағалайтын болады.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың Еуразиялық доктринасы – концептуалдық тұрғыдан тұтас аяқталған, терең жаңашыл, мықты мәдени-тарихи және тарихи-философиялық іргетасқа негізделген батыл қадам ретінде қарастырылады. Біздің өз тарихымыз және болашағымыз бар. Сондықтан біздің даму моделіміз ешкімдікіне ұқсамайтын болады. А.Дугин еуразиялық ақыл-ой тарихында бірінші рет үлкен ауқымдағы саясатшы, тәуелсіз мемлекеттің Президенті Еуразия доктринасын нақты жүзеге асыруға шақырып, еуразияшылдар идеясының тарихында бетбұрыс жасады. Назарбаев уақыттан озып кетті, ол тарих рухын, өркениет дамуы процесінің ырғағын қуып жетіп, қатар тұрды дейді.
Д.Айткен Н.Ә.Назарбаевтың мұнайлы мемлекеттердің көбінің пролемасы – одан тұскен ақшаға ғана сеніп отырудың елдің болашағына қиянат жасау екендігін сонау 90-жылдары ескертіп, азаматтардың бәсекеге қабілеттілігі, экономиканы мұнайдан түскен ақшаға тұншықтыруға болмайды деген орынды алаңдаушылығына назар аударды. Ол 1998 жылы Президент Қазақстанда ешбір мұнай жоқ деп өмір сүріп, жұмыс істеуге шақырғандығын еске салады. Ұлыбританиялық сарапшы Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара мәселесін реттеу кезіндегі екі көрші ел басшыларының арасындағы әңгіме арқылы ең жоғары деңгейдегі дипломатияның «құдыретін» көрсететін Цзян Цзэминнің Н.Назарбаевқа шекара мәселесін біз басшылықта тұрған кезде шешіп алу керек, кейін билікке жаңа буын басшылар келгенде олардың келісімге қол жеткізеріне менің күмәнім бар деген сөзін мысалға келтіруі де көпті аңғартады.
Тағы бір айта кетер жайт, кезінде ЕҚЫҰ-ның Астана саммитінде қабылданған Астана декларациясы мен «Астана рухы» ұғымы сенім, келісім, толеранттылық пен алуантүрліліктің бірлігі қағидаттарына негізделген әлемдік құрылысқа баршаның бірлесе ұмтылысының рәмізіне айналып, халықаралық саяси лексиконға сенімді түрде енді. Елдің сыртқы саясаты оның ішкі саясатының жалғасы деп есептесек, онда 2017 жылдың басынан бастап БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болу, ал 2018 жылдың қаңтар айында оған төрағалық ету, дүниежүзілік ЭКСПО көрмесін өткізудің өзі еліміздің әлемдегі орнын көрсетеді.
Қорыта айтқанда, шетелдік сарапшылардың пайымдауларынша, Қазақстанның жетістіктері өздігінен пайда бола салған жоқ. Н.Назарбаев болмаса, олар да болмас еді. Қазақ елінің тәуелсіздігі, қазақстандық бірегейлік пен қоғамдық тұрақтылық, оның әлемдік антиядролық саясаттағы көшбасшылығына қол жеткізіп, дағдарыстарды еңсеріп, шетелдік инвестицияларды тартып, Ұлттық қорды құрған да Президент. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін бұрын болмаған деңгейге көтеру, мемлекет құрумен тең келетін Астананы салу да Елбасының еңбегі. Халықаралық сарапшылар атап көрсеткендей, Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанда президенттік институттың тарихи қажеттілігін дәлелдеп, жаңа жүйенің заңдық негізін қалаған, оны «сынақтан өткізіп, өндіріске енгізген» және оның қазақстандық үлгісін қалыптастырып, халық игілігіне, Қазақстанның болашағына жұмыс істеуіне бағдар беріп отырған бірден-бір тарихи тұлға.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
Білім және ғылым министрлігі
Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы