«Қазақстанда тұтас биліктің ауысқанын қалаймын»

0

25 желтоқсанда Оралда азаматтық белсенді Эрик Жұмабаев қаладағы орталық алаңда жалғыз адамдық пикет өткізіп, Қазақстанда саяси реформа жасауды талап етті. Белсенді осымен екінші рет пикет өткізіп тұр. Сейсенбі, 24 желтоқсанда өткен акция кезінде ол Қазақстандағы «жасанды саяси транзитті» сынап, саяси реформа жасауға шақырған еді.

Бүгінгі акция кезінде белсендінің қолында «Қазақстанда саяси реформаны талап етемін!!!» деген жазуы бар плакат болды.

— Мен биліктің толық ауысқанын қалаймын — Назарбаев, Тоқаев, Ақорда саясатына қарсымын. Қазақстандық арналардағы үгіт-насихатқа қарсымын, — деді Эрик Жұмабаев.

Өзінің қандай да бір саяси партия немесе ұйымдарға қатысы жоғын айтқан белсенді Қазақстанда тәуелсіз ақпарат құралдары жоқ екенін, елдегі телеарналардың шындықты айтпайтынын жеткізді.

— Қазір бар шындық тек әлеуметтік желілерде ғана айтылады — Facebook, Instagram, Youtube. Қазақстандық телеарналарда халық жақсы өмір сүріп жатыр дейді, ал шын мәнісінде олай емес, — деді белсенді.

Пикет басталғаннан кейін он минут өткен соң Эрик Жұмабаевтың жанына әкімдіктің екі қызметкері келді. Өздерін ішкі саясат бөлімінің қызметкерлерлері ретінде таныстырған адамдар Жұмабаевқа «рұқсат етілмеген акция үшін заңда әкімшілік жаза қарастырылғанын» айтып ескертті.

— Қазақстан заңнамасына сәйкес, акция, пикет, митингі, шеру өткізу үшін алдын ала рұқсат керек — сіз кемінде он күн бұрын жергілікті әкімдікке арнайы өтініш тапсырып, онда акцияның мақсаты, орны, өткізу уақыты және қатысушылардың аты-жөндерін көрсетуіңіз қажет, — деді әкімдік өкілі.

Ал Эрик Жұмабаев «жалғыз адамдық пикеттер заңмен реттелмейді» деп айтты. Осыдан кейін әкімдік өкілдері кетіп қалды. Олар Азаттық тілшісіне түсініктеме беруден бас тартып, әкімдіктің баспасөз қызметіне хабарласуды сұрады.

Жұмабаев плакатын жиғаннан кейін алыстан оны бақылап тұрған полиция қызметкерлері де кетті.

Эрик Жұмабаев мұндай акцияны күн сайын өткізетінін айтып отыр.

Оқи отырыңыз: Оралда белсенді «Аяз Атадан Екеуін алыс жаққа алып кетуді» сұрады

Azattyq