Қазақстанда су тапшылығы артып келеді: министр Сүлейменоваға тапсырма берілді
Үкіметте Қазақстан су кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Қатысушылар су ресурстарын пайдалану және қорғау бойынша құзырлы органның және бассейндік инспекциялардың тиімділігін арттыру, тиісті мамандарды даярлау және жалпы су дипломатиясын нығайту мәселелерін қарастырды. Бұдан бөлек, су ресурстары бойынша жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарының консорциумын құру жоспарлары қарастырылды. Атап айтқанда, бұл ғылыми орталық жұмысы барлық мамандандырылған институттардың әлеуетін салалық даму бағдарламаларын әзірлеуге біріктіруге мүмкіндік беретіні айтылды”, – делінген хабарламада.
Әлихан Смайылов Экология министрлігіне су шаруашылығы саласына цифрлық технологиялар мен тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйелерін (ТБЖ) енгізуді жеделдету қажеттігін баса айтты.
Бұл мониторинг пен жауапты мамандар жұмысының тиімділігін арттырады, сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, құзырлы мемлекеттік органдарға Гидрогеологиялық зерттеулерді дамыту бағдарламасын әзірлеу, жерасты суының мониторингін автоматтандыру және басқа да геоақпараттық технологияларды енгізу бойынша ұсыныстар дайындау тапсырылды.
Еске салайық, Астана тұрғындары бірнеше айдан бері судан тарығып отыр. Жуырда судың жоқтығына нарызылық білдірген тұрғындар көшелердің бірін жауып тастаған еді.
Тұрғындар наразылығынан кейін Тоқаев қала әкіміне қысқа мерзімде тек сумен қамтамасыз ету саласында ғана емес, сонымен қатар қаланың маңызды басқа да жүйелерінде дағдарыс жағдайын түбегейлі болдырмау үшін жүйелі және жедел шаралар қабылдауды тапсырған.