Қазақстанда шенеуніктер қымбат Apple техникаларын алу үшін миллиондаған қаржы жұмсаған

0
194

Қазақстандық шенеуніктер 2020 жылы Apple компаниясының қымбат гаджеттерін сатып алу үшін бюджеттен миллиондаған ақша жұмсаған. Бұған мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған ақпарат дәлел деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мысалы, өткен жылы Алматы облысының ішкі саясат басқармасы жалпы құны 419 мың теңгеге үш жұп AirPods pro Bluetooth құлаққаптары мен кіріктірілген микрофонын сатып алуға конкурс жариялады. Ал осы облыстың кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы әрқайсысы 508 мың теңгеден үш MacBook Air бизнес-ноутбук сатып алған, яғни мемлекеттік бюджеттен 1,5 млн теңге жұмсалған.

Түркістан облысы Ордабасы ауданы әкімі аппараты 535 мың теңгеге бір MacBook сатып алған. Ақмола облысында мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жанындағы халық шығармашылығы орталығы 285 мың теңгеге 32 Gb жадылы iPad Pro 12.9 планшетін сатып алуға конкурс жариялаған.

Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау және дамыту орталығы шамамен 1,4 млн теңге болатын 256 жадылы екі жаңа iPad Pro 12.9 планшетін сатып алды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы материалдық-техникалық қамтамасыз ету департаменті миллион теңгеге бір MacBook Pro 13 сатып алған. Еске сала кетсек, Өскемен әкімдігі төрт млн теңгеге 237 мың қаламды не үшін сатып алғалы жатқанын айтқан еді. Әкімдіктің сөзінше, қаламдар алдағы сайлау үшін қажет болады екен.