Қазақстанда қандай әншілер бір әнімен жұлдыз болды?

0

Бір ғана әннің арқасында елге танымал болған өнер жұлдыздары туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Димаш Құдайбергеннің ұстазы Марат Әйтімов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында бір әнмен танымал болған эстрада өкілдері туралы айтып берді. Ол әнші үшін ән таңдау өте қиын екенін атап өтті.

«Бір әннің арқасында халыққа танылған әншілер бар. Ол басқа қонған бақ. Репертуар жасау деген өте қиын дүние», — деді ол.

Отандық эстрада өз әнін тауып, бірден елге танылған әншілер аз емес. «Бір әнмен бағы ашылған әншілер кімдер?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік.

«Чип-чип» әнінің орындаушысы Асхат Тарғын

Ақтөбелік әнші халық арасында «Чип-чип» әнімен танылған. Оған дейін ауылдағы тойларда ән айтып, шығармашылық кешін де өткізіпті. Тіпті,
оның әндері «облыс хиті» деген атқа ие болған.

Әнші танымал болмас бұрын 14 жыл бойы аса болған. Беташар өткізген.

«1999 жылдан бері келіндердің бетін ашып келемін. Шыны керек, «Чип-чип» әнімен танылғанға дейін бет ашып жүрдім. Бүгінде қазақстандықтар келіннің бетін ашатынымды білмейді. Қазір оған қолым тие бермейді. Десе де, «Келіннің келіп бетін ашып бер» десе дайынмын», – дейді Асхат Тарғын «31» телеарнаның “Айта берсін” бағдарламасына берген сұқбатында.

«Аспанға қараймын» әні

2013 жылы «Аспанға қараймын» әні шығып, хит болған. Бұл әнді Абай Бегей орындаған еді. Бүгінде бұл бейнебаянды Youtube желісіндегі бір ғана арнадан 13 миллион адам көрген. Ол танымал болмас бұрын түрлі байқауларға қатысып, көп еңбектегенін айтады.

«Көп ән жаздырдым, байқауларға қатыстым. Отбасымды Ақтауда қалдырып, Алматыда жұмыс істеуіме тура келді. «Аспанға қараймын» әніне дейін жолым болмай келді деуге болады. Қандай қиындықтардан өткенімді көп адам біле бермейді», — дейді әнші қазақстандық БАҚ-қа берген сұқбатында.

Сонымен қатар эстрада өкілі танымал болғанына қарамастан өзіне түрлі сын айтылатынын жеткізді.

«Жағымсыз пікірлерді өте ауыр қабылдаймын. Сезімтал адаммын. Концерт беретін кезімде көптеген адам теріс пікір жазады. Тіпті ауырып сахнаға шыққым келмеген кездер де болды», — деді Абай Бегей.

Заттыбек Көпбосынұлы

2007 жылы «Ақмаржан» әні жарық көріп, Заттыбек Көпбосынұлы көпшілікке таныла бастайды. Ол – бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы Кеңес ауылының тумасы. Танымал болмас бұрын «Шаншар» театрында шағын эпизодтарда ойнайды. Кейін мектепте музыка пәнінен мұғалім болады.

Заттыбек Көпбосынұлы «Ақмаржан» әнін Алланың өзіне берген мүмкіндігі екенін айтады.

Қайрат Нұртас алғаш рет сахнаға «Махаббат мұңы» әнімен шықты

Қазақстандық танымал әнші сахнаға 1997 жылы «Махаббат мұңы» әнімен алғаш 8 жасында шықты. Ал 2006 жылы «Арман» әнін орындап, халық арасында таныла бастады. Кейін бұл әнге бейнебаян түсірілді. Бұл ән талай жастың жүрегінен орын тапты. Уақыт өте келе, Қайрат «Ауырмайды жүрек», «Сен де, мен де», «Алматы түндері» және тағы басқа әндерін орындап, еліміздегі ең танымал әншіге айналды.



sputniknews.kz