Қазақстанда мешітке келушілерге қойылатын жаңа 10 ереже айтылды — Қазақстан жаңалықтары
Қазақстанда 18 мамырдан бастап мешіттерде дұға жасауға рұқсат берілмек. Десек те еліміздегі коронавирусқа байланысты дұға ету орындарында бірқатар тәртіптер орнатылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының сайтында жарияланды.
Еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы 18 наурыздан бастап мешіттерде мұсылман қауымының жеке құлшылық жасауына, Құран оқытып, неке қидыруына болатынын айтады. Барлық рәсімдер санитарлық нормаларды сақтай отырып жүзеге асырылады екен. Сөзінше, жамағатпен оқылатын намаздардың мерзімін алдағы уақытта қосымша хабарланатын болады.
Мешіттерде жеке намаз оқуға мынадай талаптар қойылады:
- Тек жекелеген түрде намаз оқуға рұқсат етіледі. Мешіттерде жамағатпен (бес уақыт намаз, жұма намазы, тарауық намазы) намаздар оқылмайды;
- Мешітке жеке құлшылыққа келген ерлер мен әйелдер ұзақ уақыт мешітте болмауы тиіс. Мешітте болу уақыт ұзақтығы – 15 минут;
- Намаз оқушылардың арақашықтығы 1,5 метр болуы керек және арнайы белгіленген орындарда намаз оқып, намаз оқып болған соң мешіттен бірден шығып кетуі тиіс;
- Мешітке келетін адам санын діни ғимараттың жалпы пайдалы ауданының 30 пайызынан артық толтырмауы керек;
- Мешітте қол алыспау керек;
- Мешіттерде ауа алмасу жүйесі жақсы жүру үшін барлық есіктерді ашып қою қажет;
- Әр 3 сағат сайын намаз оқитын залдарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу қажет;
- Намаз оқитын залдарда имамдар және намаз оқитын адамдар міндетті түрде бетперде және медициналық қолғаппен жүруі керек;
- Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер және әйел) және жас балалар намаздарын үйлерінде оқығаны абзал;
- Мешіт дәретханаларын қолдану барысында арақашықтықты және сантитарлық талаптарды сақтауы тиіс;
- Мешіттің кіреберісінде тұрған антисептикалық құралдарды пайдалану қажет;
- Мешітке кіру бөлек есіктен және шығу бөлек есіктер арқылы болуы тиіс.
Мешітте Құран оқытуға қатысты талаптар:
- Құран оқыту бөлмесіне 10 адамнан артық кіргізбеу;
- Құран оқытуға келушілердің араларында 1,5 метр қашықтықтың сақталуы және келушілердің арнайы белгіленген орындарға отыруы;
- Құран оқитын бөлмелерде имамдар және келушілердің міндетті түрде бетпердемен отыруы;
- Гигиеналық талаптарға сәйкес бата жасау (бет сипау және т.б.);
- Әр 3 сағат сайын Құран оқитын бөлмені желдетіп отыруы;
- Құран оқитын бөлмеге кірмес бұрын антисептикалық құралдарды пайдалануы;
- Құран оқитын бөлмеге кіру бөлек есіктен және шығу бөлек есіктер арқылы болуы тиіс.
Бұған қоса неке қию рәсіміне келгендерге қойылатын талаптар да көрсетіліпті. Жаңа ереже бойынша неке қию бөлмесінде жас жұбайлар мен олардың куәгерлерінен басқа адамдар кіргізілмейді. Олардың арасында бір жарым метрлік арақашықтық сақталып, келушілер мен имамдар міндетті түрде маска мен қолғап киюі керек екен.
stan.kz