Шенеуніктердің заңсыз әрекеті әшкере болды

0
68

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі пара алған бірнеше шенеунікті ұстады. Сотқа дейінгі тергеу басталды

НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірнеше шенеунікті пара үшін ұстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

1-ші департаменттің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаровтың айтуынша, Қостанай қаласында құрылыс бөлімінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Ол «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жағдайы төмен отбасыларға арналған пәтерлерді жеке тұлғалардан сатып алу келісімшарттарын рәсімдегені үшін жеке риэлтордан 800 мың теңге алды деген күдікке ілінді.

«Ол адамдар өз кінәсін толығымен мойындады. Сол себепті қамауға алынған жоқ. Осы қылмыстық істі жедел тәртіппен аяқтауды сұрады», – деді Биғайдаров бүгінгі онлайн брифингте.

Атырау облысында Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасарына кәсіпкерлік қызметкер заңсыз қатысқаны және пара алғаны үшін айып тағылып отыр.

«Ол кісі облыс аумағына азық-түлік тауарларын жеткізген кәсіпорынға қолдау жасап, жеңілдік беріп отырған. Сотқа дейнгі тергеу басталды. Қосымша материалдар анықталып жатыр», – деп атап көрсетті Биғайдаров.

Ал Жамбыл облысында Шу аудандық әкімдіктің бөлім басшысы мен оған қарасты құрылымның директорына қатысты тергеу басталды. Олар су құбырларын жөндеуге бөлінген 2 миллион теңгені жымқырғаны үшін айыпталып отыр. Екеуі де өз кінәсін мойындады.



sputniknews.kz