Қазақстан мектептерінде смартфон ұстауға тыйым салынатыны рас па?

0

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова әлеуметтік желіде Қазақстанда мектептерде смартфон ұстауға тыйым салынады деген хабарламаға қатысты түсініктеме берді.

«Әлеуметтік желіде мектептерде смартфон ұстауға тыйым салынатыны туралы хабар тарап жатқанын атап өткім келеді. Бұл шындыққа жанаспайды. Бүгінгі таңға дейін сақталып келген норма сол күйінде жалғасады», — деді Шолпан Каринова ОКҚ брифингі кезінде.

Вице-министр мектептердің жеке смартфон ұстауға тыйым сала алатынына тоқталды.

«Мектептер өз ережесіне сай, тәрбие кеңестері немесе ата-аналар комитеті шешімімен смартфон ұстауға тыйым сала алады. Бұған дейін де солай болып келді. Осы нәрсені нақтылағым келеді», — деп қосты Каринова.

Сондай-ақ, ол Қазақстанда бұл мәселенің талқыланып жатқаны бірінші рет еместігін жасырмады.

«Түпкілікті шешім қабылдау үшін бұл сауалды зерделейтін боламыз. Бүгінгі таңда ұйымның смартфон қолдануға қатысты ережесіне сай жүзеге асады. Әлбетте, ұялы телефондар кедергі жасайды», — деді вице-министр.