Қазақстанда коронавирусқа байланысты халықаралық конференция өтпейтін болды

0
8

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

8 0 0

Биыл Қазақстанның астанасында Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші министрлік конференциясы өтуі тиіс еді

НҰР-СҰЛТАН, 12 наурыз – Sputnik. Қазақстан астанасында коронавирусқа байланысты Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші министрлік конференциясы өтпейтін болды. Бұл туралы үкімет басшысының бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Дүниежүзілік сауда ұйымының конференциясы өтпейтін болды. Осындай шешім қабылданды. Тиісті хат ДСҰ штаб пәтеріне жолданды. Ол жерде біздің шешімді түсіністікпен қабылдап, қолдады. Бұл жерде ешқандай мәселе жоқ», – деді Смайылов сенат кулуарында.

Айтуынша, халықаралық жиынды өткізбеу туралы шешім тікелей коронавируспен байланысты.

Айта кетсек, биыл Қазақстанның астанасында Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) 12-ші министрлік конференциясы өтуі тиіс болған. Халықаралық сауда тақырыбына арналған маңызды шара 8-11 маусым аралығына жоспарланған еді. Халықаралық форумға министрлер деңгейінде 200-ге тарта ел қатысады деп жоспарланған.

Коронавирустың өршуі

Covid-19 деп аталатын жаңа коронавирус 2019 жылдың желтоқсанында тарала бастады. Қытайдың Ухань қаласында (Хубэй провинциясы) бұрын-соңды белгісіз болған ауру өршіді. Қазір коронавирус әлемнің 100-ден астам елінде анықталды.

Қазақстанда әзірге коронавирус тіркелген жоқ. Алайда бас санитар 11-16 наурыз аралығында елге коронавирус кіруі мүмкін екенін ескерткен болатын.

Оқи отырыңыз: Тоқаев коронавирусқа қатысты мәлімдеме жасады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылатынын жариялады.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялады. Үкімет арнайы алдын алу шараларын қолға алады. Қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылады. Азаматтар азық-түлікпен және ең қажетті тауарлармен үздіксіз қамтылады. Шағын және орта бизнес зардап шекпеуі тиіс», – деп жазды Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.



sputniknews.kz