Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны артты

0
5

Бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында коронавирусқа байланысты отыз күндік карантин енгізілді

НҰР-СҰЛТАН, 19 наурыз – Sputnik. Елордада тағы жеті адамнан коронавирус табылды. Осылайша, елде инфекцияны жұқтырғандар саны 44 адамға жетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Коронавирус індетін жұқтырған тағы 7 адам Нұр-Сұлтан қаласында тіркелді. Осы сағатта Алматы қаласында – 19 адам, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 25 адам, жалпы 44 науқас тіркелді», – делінген денсаулық министрлігінің ресми хабарламасында.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша жеті адамның бәрі – 25-52 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары.

«Осы азаматтар бұған дейін коронавирус анықталған адамдармен жақын байланыста болды. Қазіргі кезде жетеуі де стационарда жатыр. Жағдайлары қанағаттанарлық», – деді министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.

Айта кетейік, бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында коронавирусқа байланысты отыз күндік карантин енгізілді. 22 наурызға дейін қалаға кіруге және шығуға болады. Ал мейрам күні сағат 00:00-ден бастап барлық қатынас тоқтатылады. Екі қалаға көлік те, ұшақ та, пойыз да кірмейді.

Бүгінде Нұр-Сұлтан мен Алматының басшылығы қонаққа келген адамдарға қаладан тезірек шығып кетуге кеңес беріп отыр. Сыртта жүрген қала тұрғындары болса, үйлеріне қайтуы тиіс.

Тағы оқыңыз: «Нұр-Сұлтанға 30 күн бойы кіре алмайсыз»: әкімдік мәлімдеме жасады



sputniknews.kz