Қазақстанда карантин 1 наурыздан бастап жеңілдейді
Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысы өтті.
ВАК отырысының қорытындысы бойынша келесі шешімдер қабылданды:
1. 7 күн бойы «Жасыл аймақта» тұрған өңірлерде үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап рұқсат етілді:
— цирктердің, бильярд клубтарының, балалар ойын-сауық орталықтарының жұмысы – толымдылығы 30%-ға дейін;
— спорттық іс-шараларды өткізуге (30% — ға дейін), жұма намазын өткізуге (30% — ға дейін) және жерлеу рәсімін өткізу (30% — ға дейін, 50 адамнан артық емес).
2. 7 күн бойы «Сары аймақта» орналасқан өңірлерде үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап жабық базарлардың (азық-түлік, азық-түлік емес), сауда және ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің жексенбі күндері жұмысына рұқсат етілді.
3. Мониторингтік тексеру қорытындылары бойынша білім беру ұйымдарында санитариялық – эпидемиологиялық талаптардың бұзылу фактілерінің көп мөлшері тіркелген Маңғыстау, Қостанай және Жамбыл облыстарын қоспағанда, барлық облыстарда үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап 1-5 сыныптар, халықаралық мектептерде 1-7 сыныптарының оқушыларына аралас оқытуға рұқсат етілді.
Сондай-ақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Түркиямен (қосымша 4 рейс), Өзбекстанмен (+4 рейс), Қырғызстанмен (+2 рейс) және Украинамен (+1 рейс) халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру туралы ұсынысы комиссияның қолдауына ие болды.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасын әзірлеу барысын баяндады.
Өз кезегінде вице-премьер Е.Тоғжанов аталған заң жобасы бойынша барлық жұмылдырылған мемлекеттік органдармен келісу жұмыстарын және бюджеттік есептерді енгізуде бұрын бекітілген мерзімдерді ұстану қажеттілігін атап өтті.