Қазақстанда бұқаралық спорт шараларының барлығы тоқтатылды
Сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамаларының спортшыларына халықаралық жарыстарға қатысуына тыйым салынды
НҰР-СҰЛТАН, 11 наурыз – Sputnik. Қазақстанда барлық бұқаралық спорт шарасы тоқтатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Спорт шараларының тоқтатылғаны туралы ақпаратты Қазақстан мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру комитетінің баспасөз қызметі растады.
«Иә, дұрыс айтасыз. Коронавирусқа байланысты барлық спорт шарасы тоқтатылды», — деді баспасөз хатшысы Раухан Тоғымбаева.
«Бұл шетелге оқу-жаттығу жиындарына немесе халықаралық жарыстарға баратын ұлттық құрамаларға да қатысты. Уақыты – осы жылдың бірінші жарты жылдығы», — деді сұхбат беруші.
Оқи отырыңыз: Ғалымдар коронавирустың белгілері неше күнде байқалатынын анықтады
Айта кетейік, қазір «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңінде ойнап жатыр. Команданың матчтарын тоқтату немесе ауыстыру туралы шешім әлі қабылданған жоқ.
«Барыс» хоккей клубымен қазір бұл мәселе шешіліп жатыр. Хоккей клубы өз матчтарын өткізуі де мүмкін», — деді комитеттің баспасөз хатшысы.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп Sputnik тілшісіне Қазақстанда коронавирус жұқтыру дерегі анықталмағанын хабарлады.
sputniknews.kz