Қазақстанда бір айда қанша саяси қуғын-сүргін құрбаны ақталғаны белгілі болды
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның және өңірлік комиссиялардың ағымдағы жұмысы туралы өткен олайн брифингте бір айдың ішінде қанша адам ақталғаны туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Президенттің арнайы жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрғаны белгілі. Мемлекеттік комиссия елімізге белгілі тарихшы ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің, парламент депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдерінен 49 адамнан тұрады. Осы комиссияның жұмысына қатысты Ералы Тоғжанов айтып берді.
«Мемлекеттік комиссия қызметін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстанда ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін және ақтау процесі: бірыңғай деректер базасын қалыптастыру» тақырыбында арнайы ғылыми бағдарлама әзірленді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмыстардың барлығы осы бағдарлама аясында жүргізілетін болады. Бағдарламаны қаржыландыру ғылыми зерттеулерді нысаналы қаржыландыру аясында жүргізіледі. Аталған бағдарлама келесі аптада Жоғарғы ғылыми-техникалық кеңес отырысында қаралады. Кеңес қорытындысы бойнша бағдарламаны қаржыландыру бойынша шешім қабылданады», — дейді премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Оған қоса Тоғжанов соңғы бір айда табылған адамдар туралы деректермен бөлісті.
«Бүгінгі күні ұлттық архивтерімізде жиырмадан аса сотталған азаматтардың тізімі пайда болды. Бұл комиссиның алғашқы нәтижелері. Оларды әлі талдау керек, зерттеп, дәлелдеу керек», — дейді Тоғжанов.