Алматы облысында көп балалы ана 14-ші сәбиін дүниеге әкелді

0

Алматы облысы Кербұлақ ауданында көп балалы ана 14-ші сәбиін дүниеге әкелді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алматы облысы Кербұлақ ауданында алтын құрсақты «Батыр ана» Гүлнәз Жеңісбайқызы 14-ші сәбиін дүниеге әкелді. Отбасын осы қуанышымен аудан әкімі Ғалиасқар Сарыбаев құттықтады. Бұл отбасыға 2019 жылы Сарыөзек ауылынан көп балалы санатымен тұрғын үй берілген болатын», — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сәрсенбай Садуақасов пен Гүлназ Жеңісбайқызының шаңырақ көтергеніне 27 жыл болған. Бүгінде олар 10 қыз 4 ұл тәрбиелеп отыр, 3 немерелері бар.

«Өмірдің мәні де, сәні де — бала. Денсаулығым жетсе, бала туудан қашпаймын. Қазақ «баланы жастан» дегенді бекер айтпаған. Үлкен қызым мұғалім. «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда жүреді» дейді, сондықтан алдыңғы ұл-қыздарды жақсы тәрбиелесең, соңғылары соларға еліктеп, үлгі етіп өседі деп ойлаймын», — дейді Гүлнәз Жеңісбайқызы.