Қазақстанда бесінші полиция академиясы ашылады

0
Қазақстанда бесінші полиция академиясы ашылады


Ішкі істер министрлігінің Шымкент коледжі базасында қосымша жаңа академия пайда болады.

Бұл туралы бүгін «Құқық қорғау органдары қызметінің ашықтығы» атты конференция барысында  ҚР ІІМ жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Қоғамов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасында көптеген жайт полиция қызметкерлеріне сапалы білім беруге қатысты болады. 

«Ресми түрде бесінші полиция академиясы ашылады. Іс жүзіне олар бар. Тек, Ішкі істер министрлігінің Шымкент коледжі базасында қосымша жаңа академия пайда болады. Яғни, Ақтөбеде, Қарағандыда, Алматыда және Қостанайда бар. Ендігі уақытта Шымкентте жаңасы құрылады. Онда қайта оқыту, біліктілік арттыру, қылмыспен күрес  ғылымы сынды бағыттар болады», — деді ол.

Қоғамдық кеңес төрағасының айтуынша, барлық академияда магистратура болады.

«Ал докторантура Білім және ғылым министрлігінің талабымен ресми түрде докторлық кеңес құрылған  полиция академияларында ғана болады. Атап айтар болсақ, ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында білім берудің бакалавриатура, магистратура және докторантура сынды үш деңгейі сақталады. Қалған академияларда қайта дайындау, біліктілік арттыру және магистратура болады. Алматы академиясының ғалымдар құрамы өте мықты болғандықтан ол жақта да PhD докторантурасы болуы мүмкін», — деді Марат Қоғамов.