Қазақстанда ауыл шаруашылығы жетім баланың күйін кешуде – Болатбек Әлиев
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болатбек Нәжметдинұлы Qasqa Jol Youtube арнасында журналист Абай Сейфуллаға берген сұхбатында ауыл шаруашылығының мүшкіл халі туралы айтып берді.
«Соңғы отыз жылда бірде-бір жағдайды шеше алмаппыз. Соның ішінде ауыл шаруашылығы бірінші орында. Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі статистикалық орган сияқты болып тұр. Шыққан өнімді есептеп береді, егетін егістіктің көлемін айтады. Бірақ ауыл шаруашылығымен айналысып жатқан азаматтардың жағдайын жасауда үлесі өте төмен. Бүгін қарасақ, ауыл шаруашылығы саласы жетім бала сияқты. Басқа салалаларға көбірек көңіл
бөлінеді де, ауыл шаруашылығына көп бөлінбейді», — дейді депутат.
«Үкіметте Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірнеше министрлікке әрине қатысы бар. Экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, Сауда министрлігі. Сауда министрлігі өзіміздің мүддемізді қорғаудың орнына сырттың мүддесін қорғайды да өзіміз екінші орынға қалып қоямыз. Көрші елдердің тауарын кіргіземіз. Тактикалық шешім қабылдай алмайды.
«Баға бүгін мен қызметте отырғанда қымбаттамасын деп өзбектің, тәжіктің, қырғыздың, ауған, Пәкістан,Иранның тауарын кіргізеді. Біздің фермерлер тұншығады сосын. Әрине, халықарзан алғысы келеді. Бұл қысқа мерзімді эффект. Осылай жалғаса берсе, өзіміздің ауыл шаруалышығын өлтіреміз, содан кейінгі жылдары өзгенің тауарын өте қымбат бағаға алатын боламыз. Бірыңғай стратегия, саясат, жүйе жоқ», — деп түсіндірді Болатбек Нәжметдинұлы.
Сұхбаттың толық нұсқасын Qasqa Jol Youtube арнасынан төмендегі сілтеме арқылы көре аласыз.