Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасына 6 мыңнан астам азамат өтініш ұсынған
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметіндегі «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының қорытындысына арналған брифинг барысында «Баспана» Ипотекалық Ұйымы» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков мәлімдеді.
«Елбасының «5 әлеуметтік бастамасына» сәйкес, ағымдағы жылдың 4 шілдесінен бастап елімізде «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша 70 млрд теңгеден астам қаражатқа 6 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Соның ішінде, 45 млрд теңгені құрайтын 3 700 жуық өтініш мақұлданды. Қазіргі таңда аталған бағдарламаға қатысушы банктердің саны 8 жетті», — деді Алтынбеков.
Оның айтуынша, өтініштер саны бойынша Астана қаласы көш бастап тұр. Сондай-ақ, Алматы қаласы, Ақтөбе, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан мен Ақмола облыстары да алғашқы бестікке кірген.
«Бағдарламаны жүзеге асыру барысында өңірлерде бастапқы баспаналардың жоқ болуы сынды кедергіге тап болдық. Бұл мәселені шешу үшін Ұлттық банк «7-20-25» бағдарламасына өзгерістер енгізіп, оған сәйкес «Баспана» компаниясы тұрғын үй салу үшін жергілікті органдарға 150 млрд теңгеге дейін қаражат бөле алатын болды. Осы орайда, өткен аптада Шымкент қаласы әкімдігі 10 млрд теңгеге облигациялар шығарып, «Баспана» компаниясы оны сатып алды. Бұл жақын уақытта Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысы басталады деген сөз», — деді басқарма төрағасы.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ