Қазақстанда 35 градусқа дейін күн суытады. Жаңалықтарға шолу
2 мыңға жуық әскери қызметкер «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» ипотекасымен баспана алды
Несие сомасы – 28,2 млрд теңге. Биыл жаңадан құрылған «Әскери баспана» порталы арқылы банк әскери қызметкерлерге 6-8 пайызға дейінгі жылдық сыйақы мөлшерлемесімен баспана алуға жеңілдетілген несие ұсынды. Бастапқы жарна 5-20%-ға дейін.
«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» Басқарма төрағасы Л.Ибрагимованың айтуынша, биыл несие рәсімдеген әскерилердің басым бөлігі салада 15 жылдан көп қызмет еткендер. Олардың бәрі пәтерді Астана мен Алматы қаласынан алған.
Ресейде көшедегі таблоларда валюта бағамын көрсетуге тыйым салынды
Ресей Президенті В.Путин өзгеріс енгізілген «Валюталық реттеу және бақылау туралы» заңға қол қойды. Ресейдің орталық банкі бұл – заңсыз валюта айырбастау бекеттерімен күресті күшейтуге ықпал ететін жаңалық деп отыр. Банк өкілдерінің айтуынша, көшедегі таблолар арқылы валюта айырбастау бекеттері адамдарды тартуға жұмыстанады. Ал, банктердің бағам туралы ақпараттары ғимараттың ішінде орналастырылған.
Алматыдан Түркістанға жаңа пойыз қатынайтын болды
Жаңа бағыт келер жылдың 3 қаңтарынан бастап іске қосылады. Пойыздың жолда жүру уақытының ұзақтығы 13 сағат 23 минут. Шу, Тараз, Шымкент және Арыс-2 стансаларына тоқтайды. Пойыз 23 вагонмен жасақталған, оның 19-ы «Турист» санатында. Мейрамхана және 2 техникалық вагон бар.
Алматыдан пойыз жұп күндері сағат 21-59-да шығып, Түркістанға тақ күндері сағат 11-05-те жетеді. Ал кері бағытта пойыз Түркістаннан тақ күндері сағат 16-51-де жөнелтіліп, Алматыға жұп күндері сағат 06-23-те келеді.
Елімізде 35 градусқа дейін күн суытады
20-22 желтоқсанда республиканың барлық аумағында ауа температурасы климаттық нормадан төмен болады, солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда түнде температура 30…35°С дейін төмендейді.
Суық арктикалық ауа ағындарына байланысты солтүстік, орталық және шығыс облыстарда бұрқасын болып, қар жауады және екпінді жел соғады. Ал еліміздің таулы аймақтары оңтүстік фронтальді жүйенің ықпалында болады. Мұнда өткінші қар жауып, тұман түседі және көктайғақ болуы ықтимал.
Соңғы екі жылда Сириядан Қазақстанға 90 бала қайтарылды
Отанына оралған 39 отбасының көбі Жезқазған, Сәтбаев және Маңғыстау облыстарынан. «Кәмелет жасқа толмағандарды әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қолдау орталықтарын дамыту «Право» қоғамдық қорының өкілі Ольга Рыльдың айтуынша, орталықтың заңгерлері оларға құжаттарын қалпына келтіруге, асыраушысынан айрылғандарға жәрдемақы тағайындау жұмыстарына көмектеседі. Әйелдерді жұмысқа орналастырады немесе кәсіби курстардан өтуге жібереді. Қазақстанда қазір осындай 13 орталық жұмыс істейді.
Forbes әлемдегі ең танымал байлардың тізімін жариялады
Америкалық кинорежиссёр және «Жұлдыздар айқасы», «Индиана Джонс» фильмдерінің продюсері Джордж Лукас бұл тізімде көш бастады. Оның байлығы 5,4 млрд долларды құрап отыр. Негізгі табысын Lucasfilm Ltd компаниясын сату арқылы тауыпты. Екінші орында 3,7 млрд доллармен Лукастың әріптесі Стивен Спилберг тұр. Үшінші орынға 2,8 млрд доллар байлығымен тележүргізуші Опри Уинфри жайғасты.
Төртінші орында баскетболшы Майкл Джордан (1,7 млрд доллар). Косметика сатып табыс тапқан Кардашьян отбасының мүшесі – модель Кайли Дженнер бесінші орыннан бой көрсетті. Кайли – тарихтағы ең жас миллиардер қыз болуы мүмкін. Әзірге оған миллиард жинау үшін 100 млн доллар жетпей тұрған көрінеді. 900 млн долларымен рэпер Jay-Z де байлардың қатарында.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Пациенттерге дәрі-дәрмектерді таңдау мүмкіндігі берілмек. Мұндай шара «Денсаулық сақтау мәселелері бойынша ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қарастырылған. Пациент әсер етуші заттары дәл сондай өзге препаратты таңдай алады. Емделуші дәрі-дәрмектің шекті бағасы мен нақты құны арасындағы айырманы өзі төлейді. Ал бүгіндер ол шектеулі. Егер дәрі емделушінің көңілінен шықпаса, онда ол өзгесін толық құнын төлеп сатып алуы қажет. Үлгі амбулаторлық тегін дәрілік қамтасыз ету аясында келтіріліген.
Baq.kz: Смартфондарды қуатсыздандыратын вирус анықталды. Sophos компаниясының киберқауіпсіздік саласындағы зерттеушілері Android басқаруындағы құрылғыларына арналған аккумулятордың тез отыруына «себепкер» зиянды бағдарламаны анықтады. Зиянды бағдарламалық вирус Google Play дүкендеріндегі бірнеше сервисте анықталып, Andr/Clickr-AD деген атауға ие болды. Зақымдалған қосымшалардың ішінде жарнамалық сілтемелерге өтуді басқаратын және қосымшаның қосылу болу-болмауына тәуелсіз жұмыс жасайтын шерткіш бар болған. Оның тұрақты түрде іске қосылуы аккумулятордың тез қуатсыздануына алып келген. Екі миллионға жуық рет жүктелген 20-дан астам қосымшаның зақымдалғаны анықталды.
Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter
Дереккөз: https://informburo.kz