Қазақстанда 28 ақпанға бейбіт жиын белгіленген жерлер қоршауға алынып, мобильді интернет үзілді

0

Жексенбі, 28 ақпан күні Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында оппозициялық топтардың бейбіт жиыны өтеді деген жерлер темірмен қоршалып, жабық тұр. Бұл туралы Азаттық тілшілері хабарлады.

Осы күні Қазақстан үкіметі заңсыз деп таныған, Еуропарламент «бейбіт ұйым» деп атаған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымы мен «Қазақстанның демократиялық партиясын» құрғысы келетін бастамашыл тобы Қазақстанның бірнеше қаласында митинг өткізетінін мәлімдеген. Екі топ жиындарын екі бөлек өткізбек.

Нұр-Сұлтан қаласында белсенді Дулат Ағаділді еске алу шарасы өтеді деген Сәдуақас Ғылмани атындағы мешіт, ҚДТ шеруі басталуы тиіс «Жастар» сарайының алды темірмен қоршалып, жабық тұр.

Сәдуақас Ғылмани мешітінің құлыптаулы қақпасында «Құрметті жамағат! Мешіттің жөндеу жұмыстары мен дезинфекцияға байланысты 27-28 ақпан күндері жабық болады» деген жазу тұр.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәдуақас Ғылмани атындағы мешітіндегі ескерту. 28 ақпан 2021 жыл.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәдуақас Ғылмани атындағы мешітіндегі ескерту. 28 ақпан 2021 жыл.

Өзін мешіт қызметкері ретінде таныстырған Мадияр Абызбай деген адам Азаттыққа мешітте екі аптадан бері жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанын айтты.

Еске алу шарасы 11:00-де басталуы керек болған. Белгіленген уақытта мешіт алдына 30 шақты адам жиналды. Олар мешіттің бұлай жабылуы биліктің белсенділерден қаншалық қорқатынын көрсетеді дейді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, мешіт маңында екі автозак, екі газель және үстіне камералар орнатылған бір көлік тұр.

ҚДТ жақтастарының осыған дейін таратқан ақпаратына қарағанда, Дулат Ағаділді еске алу шарасына жиналғандар осыдан кейін мешіттен 1,5 шақырым қашықтықта орналасқан «Жастар» сарайына бармақ болған.

Алматыда «Демпартия» бастамашыл тобының шеруі басталады деген Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы да темірмен қоршалған. Жергілікті полиция азаматтық белсенді Дархан Уәлиевтің көлігін тоқтатып, «әйнегі сынған, сараптама қажет» деп белсенді алып кеткен.

Азаттық тілшілері бейбіт жиын өтеді деген жерлерде мобильді интернеттің бұғатталғанын хабарлады.

ҚДТ жақтастары саяси тұтқындарға бостандық беруді және Еуропарламенттің таяуда Қазақстанға арналған резолюциясының талаптарын орындауды талап етеді.

Қоғам белсендісі Жанболат Мамай бастаған «Демпартия» бастамашыл тобының талаптары ҚДТ ұрандарына ұқсас.

Бұған дейін де бірнеше рет халықтың кредитіне амнистия жасау туралы талап қойып, митингіге шығып жүрген бұл ұйым осы жолы кредит амнистиясын жариялау, халықты баспанамен қамтамасыз ету деген ұрандардан өзге Еуропарламенттің Қазақстанға арналған резолюциясын орындау жөнінде де Қазақстан билігіне талап қоятынын хабарлаған.

11 ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқықтары жөнінде қарар қабылдап, елдегі адам құқығы жиі бұзылатынын және сайлаудың әділетсіз өтетінін сынаған.