Қазақстан Жазушылар одағы үндеу қабылдады
Алматыда «Ұлы даланың жеті қыры және қазақ әдебиеті» атты Қазақстан Жазушылар одағының І Пленумы өтті.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының ғимаратында өткен шараға басқарманың мүшелері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, БАҚ қатысты.
Отырыстың ашылуында Басқарманың төрағасы Ұлықбек Есдәулет «Ұлы даланың жеті қыры және қазақ әдебиетінің даму бағыт-бағдары» тақырыбында баяндама оқыды.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ежелгі тарих пен мәдениетіміздің қадір-қасиетін танытқан «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы баспасөз бетінде жарық көргеннен соң, біздің басқармада осыған қатысты жобалар жүзеге асырыла бастады. Бүгінгі алқалы басқосуда алдымен осы мақаланың басты бағыттарын бағамдап алуымыз қажет деп ойлаймын. Біз отаршылдық құрсауынан өткен соң өзіміздің тарихымызға өзіміз зәру болып келген елміз. Қадыр Мырзалиев ағамыздың «біздің тарих ол дағы қалың тарих, оқулығы жұп жұқа бірақ тарих» деген сөзін қайталағым кеп отыр. Бізге өз тарихымызды оқытпай, басқа ұлттардың өзге елдердің тарихын жетік білгеніміз жасырын емес. Алтын адам табылып жатса, «ол — скифтердікі, оның қазаққа қатысы жоқ» деді. Сонау Кеңес кезінде Шіліктіден бір емес екі алтын адам табылғаны белгілі. Бірақ оның атын да затын да қазаққа бұйыртпады. Оның аң стиліндегі алтын әшекейлері эрмитажда тұр», — деді Ұлықбек Есдәулет.
Басқарманың төрағасы мақалада айтылған келелі міндеттерді жүзеге асыруда жазушылардың рөлі туралы да тілге тиек етті.
«Осындай олқылықтардың барлығының орнын толтыратын уақыт келді. Мақалада айтылған міндеттер бойынша жазушыларға артылатын жүк бөлек. Бүгінде соның бәрін зерделеп ойластырудамыз», — деді Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұ.Есдәулет.
Жиын соңында Пленум қатысушылары Елбасының мақаласында айтылған барлық келелі ұсыныстарды қолдап, бірауыздан үндеу қабылдады.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламасының заңды жалғасы деп білеміз. Әлемдік кеңістікке ұлттық кодымыз арқылы шығып, барша әлем халықтарына қазақтың жанын, Тәуелсіздігіміздің мызғымас рухын, қазыналы құндылықтарымызды дәріптеуді мұрат етеді. Қазақ қаламгерлері өз шығармаларында қашанда тамыры мыңжылдықтарға кететін төл тарихымызды зерттеп, зерделеуге, ұлттық құндылықтарымыздың насихатталуында осыған дейін де өлшеусіз еңбек сіңіргені ақиқат. Осы орайда Президент Әкімшілігіне, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, облыс әкімдеріне «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында байтақ Қазақстанның барлық аймақтарын қамтитын «Тарихи әдеби өлкетану» жобасын ұсынамыз», — делінген үндеуде.