Қазақстан және АЭХА. Біздің елдің АЭС салуға деген ұмтылысы мен халықаралық ұйымдар ойы
Жалпы, АЭС жобасына келгенде, кез келген мемлекет жеке-дара шешім қабылдай алмайды. Оған қойылатын халықаралық стандарттар мен өзіндік талаптар бар. Оның барлығы сақталмайынша, еш мемлекет АЭС құрылысына өздігінен кірісуге қақы жоқ. Мұндай стандарт пен талаптарды бүгіндері Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА немесе МАГАТЭ) алға тартады. Сондықтан Kznews.kz осы құзырлы ұйым мен Қазақстан арасындағы байланыстар, өзара ынтымақтастық жайына мамандарды тарта отырып, кеңінен тоқталуды жөн көріп отыр.
Әлемдік экономика PHD докторанты, зерттеуші Амалбек Өміртай Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдында ауаға шығаратын көмірқышқыл газын 2-3 есеге азайту туралы міндеттемесі барын еске салады.
— АЭС бізге осы тұрғыдан-ақ керек. Бір емес, бірнешеуі. Ал атомдық энергетиканы дамыту халықаралық әріптестік пен түрлі халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық нәтижесінде ғана жүзеге асады. Бұл ретте Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің рөлі зор. Жалпы, ядролық сынақ полигонын жабу, жоғары байытылған уран өндірісін жою, осылайша ядролық қарусыз ел ретінде өзін танытқан Қазақстанның осы атқарған жұмыстарының барлығы аталған агенттік тарапынан жоғары қолдауға ие. Қазақстан бұл ұйымға 1993 жылдан бері мүше болып табылады. Жалпы, АЭХА уранға ие мемлекеттерден бұл қазба байлықты бейбіт технологиялық үдерістерге қолданылуын қадағалап, талап етеді, — дейді ол.
Амалбек Өміртай мына өзгермелі әлемде энергетикалық қауіпсіздікті азық-түлік қауіпсіздігімен қатар қоюға болатынын айтады.
— Энергияны алу көздерін тиімді стратегиялау, комбинациялау атомдық энергетикамен тығыз байланысты. Біз қазір саяси және энергетикалық тәуелсіздік бір ұғымға айналған әлемде өмір сүріп жатырмыз, — дейді ол.
Сарапшының айтуынша, Қазақстан бүгіндері аталған агенттікпен байланыс орнатып қана қоймай, ықтымақтаса жұмыс істейді.
— Қазақстан Ресеймен өндірістік циклды интеграциялау, сондай-ақ Үлбі металлургиялық зауытында ядролық отын өндіруді ұйымдастыру бойынша біршама нәтижелі бастамалар жасады. Сонымен қатар, елімізде 2017 жылы АЭХА-нің тікелей бақылауымен жұмыс істейтін аз байытылған уран банкі ашылған болатын. Бұл — атом өнеркәсібіндегі ғаламдық үдерістерден Қазақстанның шеткері еместігінің, ажырамастығының үлкен нышаны. Енді АЭС құрылысын қолға алу жоспары аясында да АЭХА-мен арадағы әріптестік одан ары қарай арта түсері анық, — дейді ол.
«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС-ның Жоба басқару жөніндегі бас менеджері Әсет Махамбетов елімізде АЭС құрылысы жобасының талқылауы басталған сәттен бастап тура осы мәселеде Қазақстанның АЭХА-мен тығыз әріптестік қарым-қатынасы бірден қолға алынғанын айтады.
— Қазақстанда Балқаш көлі маңында АЭС салу мәселесі 1997 жылы қаралған болатын. Осы жобаны қарау кезінде АЭС-тің орналасуы бойынша аудан параметрлерінің қолайлылығын АЭХА-ның арнайы миссиясы қарап, растаған. Одан кейін 2016 жылы қазақстандық тараптың шақыруы бойынша АЭХА-ның еліміздің ядролық инфрақұрылымына кешенді шолу жөніндегі миссиясы өткізілді (ағылшынша INIR – integrated nuclear infrastructure review). Миссия жұмысы барысында АЭС құрылысының қауіпсіздік жүйесі және оны қаржыландыруға, заңнамалық-құқықтық базаны дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға, электр желілерінің дайындығына, білікті кадрларды даярлау жағына қатысты мәселелер талқыланды. INIR миссиясыныңқорытындысы бойынша, АЭХА арнайы есеп дайындады. Ол АЭХА Бас директорының орынбасары Михаил Чудаковтың қатысуымен ресми түрде 2017 жылы қазақстандық тарапқа табысталды, — дейді ол.
Бүгіндері Қазақстанның ядролық инфрақұрылымына кешенді шолу жөніндегі (INIR) миссияның бұл есебі АЭХА-ның ресми сайтында жарияланып тұр.
Ал бұл есеп, Әсет Махамбетовтың айтуынша, Қазақстанның ядролық энергетикалық инфрақұрылымын күшейту жөніндегі іс-әрекеттер жоспарын әзірлеу кезінде маңызды болып табылады.
Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының болашақтағы атомдық энергетикалық бағдарламасын дамытуда АЭХА-ның барлық ұстанымдарын ескеріп отырады. Сондықтан Қазақстан үшін АХЭА-мен арадағы қарым-қатынас маңызды әрі үлкен рөлге ие.