Қазақстан «Самұрық-Қазына» қызметкерлері үшін Қытай екпесінің 1 млн дозасын сатып алды

0
127

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі Қытай екпесі «Самұрық-Қазына» қорының жұмысшыларына алынғанын хабарлады. Ал қор «екпеден қалса, халық арасында Қытай екпесін алғысы келетіндерге берілетінін» айтты.

«Самұрық-Қазына» қорының сайтындағы ақпаратқа сай, алынған екпе «500 мың адамға салуға жетеді». Қор «жұмысшылары мен олардың отбасына толық екпе салуды көздейді». «Самұрық-Қазына» баспасөз қызметі «екпе шығарушыны таңдамағанын» айтты.

«СК-Фармацияның» мәліметі бойынша, «Самұрық-Қазына» алған екпе Hayat-Vax деп аталады және ол БАӘ еліндегі Gulf Pharmaceutical Industries Julphar компаниясында шығарылған. Препаратты Пекиндегі Sinopharm компаниясының биологиялық өнімдер институты жасаған.

Екпе өлтірілген вирустан жасалған және +2+8 градуста сақталады. Сәуір соңына дейін 400 мың доза, ал мамырда 600 мың доза жеткізу көзделген.

«СК-Фармация» Азаттыққа бір доза 31,1 долларға алынғанын (жалпы құны – 31,1 млн доллар) хабарлады. Ал денсаулық сақтау министрлігі екпенің Қазақстанда «уақытша тіркеу куәлігі» барын мәлімдеді.

Қазір Қытайдың CanSino, Sinopharm және Sinovac Biotech компаниялары коронавирусқа қарсы екпе шығарған. Ресми Пекин бұл екпелер әлемнің ондаған елінде егуге рұқсат алды дейді.

Биыл сәуірде Қытай өзі шығарған екпенің тиімділігі төмен екенін мойындаған. Бұл Қытай шенеуніктерінің екпенің қорғау мүмкіндігі төмен екенін алғаш мойындауы еді. Бразилияда жүргізілген зерттеу кезінде Sinovac екпесінің тиімділігі 50,4 пайызды көрсеткен.

«Самұрық-қазына» әл-ауқат қоры 2006 жылы квазимемлекеттік сектордағы ондаған компанияның бірігуінен кейін құрылған. Қордың активі 63 млрд долларды құрайды. Қор сайтында холдингтің миссиясы «Қазақстанның әл-ауқатын көтеру және болашаққа жағдай жасау» деп көрсетілген.

Қазір Қазақстан халыққа негізінен ресейлік «Спутник V» екпесі салынып жатыр. 26 сәуірден бастап Қазақстан ғалымдары жасаған QazCovid-in екпесі де салына бастады.