Қазақстан ресми түрде коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеушілердің қатарына енді

0

Инактивтелген вакцинаны биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері әзірлеген

НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр – Sputnik. Қазақстандық ғалымдар коронавирусқа қарсы өздері әзірлеген инактивтелген немесе «өлтірілген» вакцинаны клиникаға дейінгі сынақтан өткізе бастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың вакцинасын тіркеп, өзінің ресми сайтына орналастырды. Осылайша, ол клиникаға дейінгі сынақ рұқсат етілген, COVID-19-ға қарсы вакциналық кандидаттардың тізіміне еніп отыр.

Инактивтелген вакцинаны білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері әзірлеген.

Баспасөз қызметінің ақпаратынша, отандық вакцина Қазақстан аумағында ауырғандардан бөлінген вирус штаммы негізінде жасалды.

Тағы оқыңыз: COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина тегін болады – әлемдік көшбасшылардың шешімі

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов институт қызметкерлерін құттықтады.

«Бұл қазақстандық ғылымның мемлекетіміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ елдің мықты ғылыми әлеуетінің айғағы. Институт ұжымы қауіпті және аса қауіпті ауруларға қарсы вакцина түрлерін әзірлеуде жетекші рөл атқаратынын тағы бір мәрте көрсетті», — делінген хабарламада.

Енді ғалымдар бірқатар клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтар өткізуі тиіс.

«Осылайша Қазақстан ресми түрде коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеушілердің қатарына енді»,- деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.

Айта кетсек, бұған дейін биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты аса қауіпті және қауіпті ауруларға қарсы 67 вакцина түрін, 15 тест жүйесі мен отыздан аса биопрепарат әзірлеп, өндіріске енгізді. Олардың арасында жоғары патогенді құс тұмауына, жоғары патогенді доңыз тұмауына, нодулярлы дерматитке қарсы вакциналар бар.



sputniknews.kz