Қазақстан Қытай мұсылмандарын қудалауға септескен

0

АҚШ-тың діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң өлкесінде тұратын мұсылмандарға қатынасы үшін Пекинді сөкті. 29 наурызда жариялаған баяндамасында комиссия «саны 15 миллионға жуық ұйғыр Қытайда әділетсіздікке ұшырап жатқанына біраздан бері шағымданып жатқанын» жазады.

Комиссия баяндаманың Нұр-Сұлтан жайлы бөлігінде «Қытай қазақтары мен басқа да мұсылмандардың қудалануына Қазақстан үкіметінің қатысы бар» деп жазады. «Соңғы жиырма жылда Қазақстан үкіметі бірнеше мұсылман ұйғырды Қытайға депортациялады. Бұл – 1951 жылғы БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі конвенциясы мен 1967 жылғы мәжбүрлеп жер аударуға жол бермеу жөніндегі халықаралық қағида аясында Нұр-Сұлтанның мойнына алған міндеттерін бұзу» деп жазады комиссия.

Комиссия Қытайдың 2017 жылдан бері 800 мыңнан 2 миллионға дейін ұйғыр, қазақ, қырғыз бен басқа да мұсылмандарды саяси үйрену лагерьлерінде ұстап отырғанын айтады. Баяндама авторларының жазуынша, лагерьлер туралы ақпараттың біраз бөлігі бұрын Шыңжаңда тұрған этникалық қазақ Серікжан Біләштің арқасында мәлім болған.

Біләш қазір Нұр-Сұлтанда үйқамақта отыр. Қазақстан билігі оны биыл наурызда «араздық тудыру» бабымен күдікке іліп, Алматыда ұстаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар сөзінше, Шыңжаң қазақтарының мәселесімен айналысатын Біләшқа Нұр-Сұлтан осылайша қысым көрсетіп отыр.

USCIRF есебінде Қазақстан «азаматтар құқығын бұзатын» елдер санатына жатқызылады. Баяндамада Нұр-Сұлтаннан босқын мәртебесін сұрап жүрген Сайрагүл Сауытбай, тыйым салынған Қазақстан демократиялық таңдауы қозғалысына қатысы бар деп күдікке ілінген соң астана өтінішімен Қырғызстаннан экстрадицияланған блогер Мұратбек Тұңғышбаев та айтылады. «Экстремизм мен терроризмді насихаттады» деп айыпталған белсенділер – Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов пен Оралбек Өміров те келтірілген. Қазақстандық құқық қорғаушылар Әбішев, Жұмағұлов пен Тұңғышбаевты саяси тұтқын санайды.

Комиссияның жазуынша, кейбір оң өзгерістерге қарамастан, 2018 жылы Қазақстан билігі дін еркіндігіне қатысты заңсыздықтарға жол берген. Есептегі дерекке сәйкес, былтыр діни қызмет үшін қылмыстық және әкімшілік қудалау азайған. «Діни сипатта 2017 жылы – 279, 2018 жылы 165 қудалау жағдайы тіркелді» деп жазады комиссия.

Комиссия есебі 2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айларын қамтығанымен, баяндамада алдыңғы жылдардағы оқиға не көрсетілген мерзімнен кейін болған жағдайлар аталады.

1998 жылы АҚШ конгресі құрған комиссия Қазақстанды 2008 жылдан бері есебіне қосып келеді. 2013 жылы Нұр-Сұлтан алғаш рет «азаматтар құқығын бұзатын елдер» санатына кірген.

Azattyq