ҚАЗАҚСТАН ҚАЙТСЕ ДАМЫМАҚ?

0
99

Шетелде оқып жүргенімде «Неге көптеген елдер кедей, тұрақсыз және теңсіз?» деп аталатын сабақ алдым. Содан «Қазақстан қайтсе дамиды?» деген атаумен жетпіс беттік курс жұмысын жаздым. Бұйырса, кітап етіп шығарып жіберу ойымда жүр.

Даму деген көптеген факторлар әсер ететін күрделі әрі кешенді түсінік.

Сол көп фактордың бірі – тілдің мазмұны. Бұл не деген сөз? Тарқатып айтайын.

ҚАЗАҚСТАНДЫ ДАМЫТУ ҮШІН ҚАЗАҚТАРДЫ ДАМЫТУ КЕРЕК

Қазақстан даму үшін осында тұратын әрбір адам дамуы керек. Келісесіз ғой? Адамның дамуы деген бәсекелестікке қабілетті білімге ие болу. Адам екі өлшемде дамиды: физиологиялық және интеллектуалдық.

Адамның дені сау болса, ауа жұтып, тамақ жеп, су ішіп жүрсе, қаласа да, қаламаса да физиологиялық тұрғыда дами береді. Яғни өз табиғатыңыздың шегіне дейін бойыңыз өседі, салмағыңыз артады.

Ал адам интеллектуалдық тұрғыда өздігінен дамымайды, өзін қамшылап, білім алып, жаңаны үйреніп, тәжірибе алса ғана дамиды. Адам дамуы дегенде мен интеллектуалдық дамуды меңзеп отырмын.

Демек адам интеллектуалдық тұрғыда даму үшін оған көптеген ақпарат керек. Әлемде ақпараттың мағынасы бір, бірақ әртүрлі тілде құлттанады. Егер ол тілді білмесеңіз, ақпараттың кілтін аша алмайсыз, яғни түсінбейсіз.

Яғни, Қазақстан азаматтарын дамыту үшін (қазақтілді көпшілікті) адамзаттың ақыл-ойы, ақпараты қазақ тілінде болуға тиіс.

ҚАЗАҚТАРДЫ ДАМЫТУ ҮШІН ҚАЗАҚ ТІЛІН ДАМЫТУ КЕРЕК

Ал қазақтарды дамыту үшін не істеу керек? Қазақ тілін дамыту керек. Осы сөз кейбіреулердің шымбайына батады. «Қазақ тілі онсыз да дамыған тіл» дейді. Келісем. Бірақ қазір тілдің байлығы сол тілде бар сөздің санымен емес, сол тілде бар ақпараттың көлемімен өлшенеді.

Егер тек қазақ тілін білетін жастарымыз мықты дәрігер немесе білікті инженер бола алмаса, тілді қалай дамыған деп айта аласыз. Тілде бар байлық, яғни ақпарат заманауи адамды интеллектуалдық тұрғыда байыта, дамыта алмаса, сөздік қордың көптігінен не пайда! Бір сөзбен айтсақ, кімнің ақпарат алатын тілі кедей болса, соның өзі де кедей болады.

ҚАЗАҚ ТІЛІН ДАМЫТУ ҮШІН ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МАЗМҰНЫН ДАМЫТУ КЕРЕК

Осы сенімді серік етіп, осыдан төрт жыл бұрын, Америкадан оралған соң, ол кезде мемлекеттік қызметте жоқпын, Mazmundama жобасын бастадым.

Мақсатым: әлем оқырмандары таласып оқитын үздік кітаптарды қазақшаға аудару арқылы қазақ тілінің мазмұнын дамыту еді. Себебі өз сенімім және зерттеуім бойынша, қазақ тілінің мазмұнын дамытсақ, қазақ тілі дамиды, қазақ тілін дамытсақ, қазақтілді жастар дамиды, қазақтар дамыса, Қазақстан дамиды.

Сонымен бірге Mazmundama жобасын бастау туралы шешімге шабыт берген мына жағдай. Бір танысым айтып берген оқиға. Шетелден елге қонаққа келген қандас бауырымыз соңғы шыққан кітаптарды алып кетейін деп «Меломанға» барған ғой. Түңіліп телефон соғады. 95% кітап орысша деп. «Атамұраға» бар деген. Барған. Тағы да телефон соғады. Мұндағы «Абай жолы» сияқты кітаптардан басқа ешнәрсе жоқ, оларды бұрын әке-шешеміз әкелетін, үйде толып тұр, жаңа кітаптар керек дейді. Амал жоқ, кешірім сұраған.

Жағдай сондай. Енді не істейміз? Екі жолы бар. Бірі — реактив жол: мемлекет қайда қарап отыр, қазақ тілі өліп бара жатыр деп ақырзаман соғу. Екіншісі — проактив жол: өзіңе осы олқылықты түзету үшін мен не істей аламын деп сұрақ қою және қолыңнан келетінді істеу.

Mazmundama осылай дүниеге келген.

Әлемде жылына 2 млн. атау кітап шығады. Өкінішке қарай, сол білім мұхитының бір тамшысы да қазақшаға аударылмайды. Қазаққа Mazmundama сияқты жүздеген жобалар керек.

Түйіндесек, ҚАЗАҚСТАНДЫ ДАМЫТУ ҮШІН ҚАЗАҚТАРДЫ, ҚАЗАҚТАРДЫ ДАМЫТУ ҮШІН ОНЫҢ ТІЛІН, АЛ ТІЛІН ДАМЫТУ ҮШІН ОНЫҢ МАЗМҰНЫН, ЯҒНИ КОНТЕНТІН ДАМЫТУ КЕРЕК.

АЛАШТАН ҚАЛҒАН АМАНАТ

Мұны алашордашылар ерте түсінген. Қандай жауапты қызмет атқарса да, барлығы да ағартумен айналысқан, газет шығарған, кітап жазған, аудармамен шұғылданған.

Себебі қазақ тілінің контентін қалыптастыру — Қазақстан дамуының іргетасы, базисі. Өзімді алашордалықтармен салыстырмаймын, бірақ олардың жанталасы мен жанайқайын өзімнен өткізіп көрдім және жақсы түсінемін.

Mazmundama мен үшін ақылы емес, қоғамдық қызмет, таза энтузиазм. Жұмыстан үйге келген соң және демалыс күндері балаларыма тиесілі уақытты отбасымнан ұрлап қазақ тілінің дамуына жұмсаймын. Мемлекеттік қызметте жүріп ағартушылыққа көп уақыт бөле алмайтыныма өкінемін. Шындап келгенде, мемлекеттің дамуы қазақ тілінің дамуына тәуелді екенін түсінетін адамдар үшін менің қоғамдық қызметімнің өзі мемлекеттік қызметтің бір түрі деп санайды деп ойлаймын.

Менің бақытыма орай, мемлекеттік қызметкерлер шығармашылық және қоғамдық қызметпен айналысуға құқылы.
Егер заң өзгеріп, қоғамдық қызметімді жалғастыра алмайтын болсам, алдымда сондай таңдау тұратын болса, мемлекеттік қызметті құрбан етер едім. Неге? Себебі қазақ тілін дамыта алмасақ, мемлекетті де дамыта алмаймыз. Мемлекеттің дамуы мемлекеттік тілдің дамуынан басталады. Мемлекетті дамытатын алғышарт тұралап жатса, мемлекетке қызмет ет, етпе, бәрбір емес пе?

ТЫРНАҚ АСТЫНАН КІР ІЗДЕУШІЛЕРГЕ ЖАУАП

Соңғы аптада шымкенттік ақпараттық кеңістікте маған шабуыл басталды. Кімдер және не үшін шабуылдап жатқанын жақсы білемін. Осы жазбама арқау болған солар. Әр нәрсенің бір қайыры бар деген.

Біріншіден, Mazmundama коммерциялық ұйым емес, яғни бизнес емес, қоғамдық қор. Бастапқыда ұлтжанды азаматтар қолдау көрсетті. Кейіннен, сатылған кітаптар жаңа кітаптарға жалғасты.

Сондықтан алғашқы 2019 жылы 3 кітап шықты, 2020 жылы 11 кітап шықты, 2021 жылы 38 кітап шықты. Биыл 78 кітап шығару жоспарланған. Кітаптан түскен қаржы Mazmundama-ның миссиясы – қазақ тілінің мазмұнын дамытуға, одан да көп кітап шығаруға жұмсалады. Аққала қаларда қарды дөңгелетесіз, қар тез оралады. Сол сияқты жылда шығарылатын кітап саны мұнда да геометриялық прогрессиямен өсуге тиіс. Себебі Mazmundama тапқан табыс қайтадан қазақ тілінің дамуына жұмсалады. Себебі Mazmundama – коммерциялық ұйым емес, қоғамдық ұйым.

Екіншіден, бұл кітаптарды шығаруға мемлекет қаржы бөлген жоқ. Mazmundama-ның басты ұстанымы нарық үшін, яғни халық үшін жұмыс істеу. Егер халық шығарған кітаптарды сатып алмаса, Mazmundama жұмысына деген қажеттілік жоқ деген сөз.

Құдайға шүкір, оқырман тарапынан сұраныс пайда болды. Кітаптар Қазақстандағы барлық дүкендерге шықты.

Сондықтан, ардақты ағайын, қазақ тіліне деген сұранысты арттыру әр қазақтың қолында. Қыздың жасауына кітап салыңыз, тойбастарға кәмпет-сәмпет емес, кітап таратыңыз. Қазақ тіліне сұраныс болмаса, бұрынғыдай (қазіргідей де) қазақ тілі білім мен ғылымның, ақпараттың емес, отбасы мен ағайын арасында тілдесуге ғана жарайтын тіл болып қала бермек.

Mazmundama-да қазір жүзге жуық идеялас, миссиялас адамдар жұмыс істейді. Олардың ақ көңілі мен адал ниетіне орай, Mazmundama-ның оқушыларға арналған кітаптарын, былтыр Балалар және жасөспірімдер жылы аясында, Қазақстанның мектептері ала бастады.

Шыны керек, Mazmundama үшін оқырман дүкеннен сатып ала ма, мектептер сатып ала ма, бәрібір, түскен қаржы қайтадан қазақ тілінің дамуына жұмсалады. Кітап қанша сатылса, сонша жаңа кітап шығады.

Үшіншіден, мектептер Mazmundama-ның, жалпы баспалардың кітаптарын неге бір көзден сатып алады? Жыл сайын Білім және ғылым министрлігі мектептер сатып алатын кітаптар тізімін жариялайды.

Былтыр сондай бес мыңнан аса оқулық пен оқу құралдарының және әдеби кітаптардың тізімін жариялады. Оның ішінде Mazmundama-ның 31 кітабы ғана енген. Министрлік сұранысты зерттеп, тізімді өздері жасайды. Және де Mazmundama шығарып жатқан кітаптар авторлық құқық негізінде шығады. Яғни Mazmundama-ның кітаптарын тек Mazmundama шығара алады. Яғни мектептер бір көзден ала ма, конкурс негізінде ала ма, Mazmundama-ның кітаптары болса, тек Mazmundama-дан ала алады.

Төртіншіден, мені кейбіреулер шетел кітаптарын аударады, шетелшіл деп айыптап жүр. Неге? Себебін, басында айттым, ақпарат, мазмұн бір, бірақ түрлі тілдерде сақталады. Әлемде 8 млрд халық бар, Қазақстанда 19 млн халық бар. 8 млрд халықтың 19 млн халықтан контент жасау қабілеті 421 есе жоғары. Біз қалаймыз ба, жоқ па, iPhone не Samsung-тің өнімдерін тұтынған секілді, адамзаттың ойлап тапқан контентін өз тілімізге аударып тұтынуға мәжбүрміз. Тек біз емес, бүкіл елдер бір-бірінің ақыл-ойына мұқтаж.

Әдетте Шымкентте ақпараттық мемлекеттік тапсырыс орналастырар кезде шабуыл көбейеді. Мемтапсырысты мен шешпеймін. Заңы бар, ережесі бар. Сай келсең, конкурсқа түс. Бәсекелес баға ұсынсаң, жеңесің.

«Сыншыл» бір жазбагерге былай дегем: «Көке, жазсаңыз, жаза беріңіз. Бірақ бір нәрсені түсініңіз. Менің қазақ тілін дамытам деген миссиям бар, ісім бар, Құдай көп көрмесін, демек, өмірімнің мәні бар. Mazmundama аударған кітаптардың ішінде 100-200 жыл бұрын жарық көрген әлем әдебиеті бар. Демек қазақ оқырмандары ол кітаптардың игілігін 100 жылдан кейін де көретініне сенімім мол. 100 жылдан соң біз болмаймыз, бірақ ісіміз, мұрамыз қалады. Ал сіздің facebook арқылы жазған орынсыз түртпегіңіз бір айдан соң ұмытылады. Қайтесіз. Бойыңызға негатив жисаңыз, өміріңіз де сондай болады. Одан да уақыт пен күшіңізді із қалмайтын, болмайтын әр нәрсеге құртқанша, өмірлік миссияңызды тауып алып, сөзіңіз бен ісіңізді тас қашағандай бір бағытқа жұмылдырыңыз, мақсатпен өмір сүріңіз!» деп ақыл айтып едім.

Осы сөзімді қайта айтамын. Осы тұжырымды өзім де ұстанам.

Шыңғыс МҰҚАН