Қазақстан полициясы күшейтілген қызмет режиміне көшті 

0

Полиция мен ұлттық ұланның жаяу жасақтары көбейтілді, сондай-ақ стратегиялық және аса маңызды мемлекеттік объектілерді күзету күшейтіліп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 14 наурыз – Sputnik. Қазақстан полициясы ерекше қызмет режиміне көшті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың жетекшілігімен өткен кеңеске денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов шақырылды, ол коронавирустық инфекция таралуының алдын алу шаралары туралы айтты.

Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі енгізілуі мүмкін

ІІМ басшысы коронавирустың таралуына байланысты ішкі істер органдарының жеке құрамы қызмет атқарудың ерекше тәртібіне ауыстырылғанын атап өтті. Құқық тәртібін қамтамасыз ету бойынша шаралар күшейтілді, полиция мен ұлттық ұланның жаяу жасақтары көбейтілді, сондай-ақ стратегиялық және аса маңызды мемлекеттік объектілерді күзету күшейтілді.

Көп адамның қатысуымен өткізілетін кездесулер мен іс-шаралар тоқтатылды, қызметкерлердің шетелге шығуы мен қызметтік іссапарлары шектелді.

«Барлық деңгейде ІІМ қызметтері мен бөлімшелерін денсаулық сақтау органдарымен жедел және нақты үйлестіруді қамтамасыз ету қажет. Полиция қызметкерлері, құтқару қызметі және ұлттық ұланның әскери қызметшілері қазірдің өзінде карантиндік іс-шаралар кезінде медициналық қызметтерге толық және жан-жақты көмек көрсетуде. Бұл ретте коронавирустық жағдайы қолайсыз елдерден келген азаматтарды медициналық мекемелерге алып жүруді жүзеге асыруда», – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Коронавирус індеті

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандардың саны 6 адамға жетті. Бүгін денсаулық сақтау министрлігі тағы екі адамнан коронавирус табылғанын мәлімдеді.

13 наурызда екі қазақстандықтан коронавирус табылғаны белгілі болды. Біреуі Қазақстанға 9 наурызда, ал екіншісі 12 наурызда түнде ұшып келген.

Артынша Нұр-Сұлтанда коронавирустың алғашқы дерегі тіркелді. Науқас Милан қаласынан Нұр-Сұлтанға Мәскеу арқылы 12 наурызда келген. Кешке қарай төртінші адамнан коронавирус табылды. 1976 жылы туған азамат Германиядан Алматыға ұшып келгені хабарланды.



sputniknews.kz