Home Жаңалықтар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешітке баруды тоқтатуға кеңес берді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешітке баруды тоқтатуға кеңес берді

0
2

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

22 0 0

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрткүл әлемге түгел қауіп төндірген дертке немқұрайлық танытпауға шақырды

АЛМАТЫ, 2 наурыз – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы коронавирустың таралуына байланысты жамағатқа кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Құрметті отандастар! Сізде жөтел пайда болып, бойыңызда дене қызуының жоғарылауы байқалса немесе тыныс алу қиынға соққан жағдайда, дер кезінде дәрігерге жүгінуге, сондай-ақ қоғамдық орындарға, тіпті мешітке келуді тоқтатып, құлшылықтарыңызды үйде орындауға кеңес береміз», – деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, еліміздің әрбір азаматын қоғамдық орындарда тазалық ережелерін сақтап, өз денсаулығына асқан мұқияттылықпен мән беріп, сақтанып жүруге шақырды.

«Бүгінде бүкіл әлем халқына коронавирус қаупі үрей сеуіп, дерттің өзінен гөрі күннен-күнге өршелене түскен дақпырты мен дабылы дүние жүзін дүрліктіріп жатыр. Төрткүл әлемге түгел қауіп төндірген дертке немқұрайлық танытып, немкетті қарау – өзіміз үшін ғана емес, жанымыздағы жандардың өміріне де әсерін тигізері бек мүмкін», – дейді басқармадағылар.

Қытайдан тараған коронавирус

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 6 қаңтардан бері мемлекеттік шекарада бір миллионға жуық азамат тексерілген. Қазіргі уақытта Қазақстанда коронавирус анықталған жоқ.

Соңғы мәлімет бойынша, Қытайда коронавирус жұқтырғандар саны 80 026-ға жетті. Аурудан 2912 көз жұмды, 44 462 адам дерттен айықты.

Коронавирус Қытайдан бөлек әлемнің 58 еліне тарап үлгерді. Бұл елдерде 104 адам қайтыс болды, ал вирус жұқтырғандардың саны – 7 169.



sputniknews.kz