Қазақстан картасында жаңа үш облыс пайда болды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 4 мамыр күні Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы Жарлыққа қол қойған еді. Құжат 8 маусымнан бастап күшіне енді, деп хабарлайды Kznews.kz жаңалықтар порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. Онда жаңадан үш облыс құру туралы айтылған.
«1) Шығыс Қазақстан облысының құрамынан Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандарын, Семей және Курчатов қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Семей қаласында орналасатын Абай облысы;
2) Алматы облысының құрамынан Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандарын, Талдықорған және Текелі қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Талдықорған қаласында орналасатын Жетісу облысы;
3) Қарағанды облысының құрамынан Жаңаарқа, Ұлытау аудандарын, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Жезқазған қаласында орналасатын Ұлытау облысы құрылсын» делінген Президент Жарлығында.
Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелген еді. Сондай-ақ құжатта жарлық 8 маусымнан бастап күшіне енетіні жазылған.