Қазақстан еш нәрсені жасырмайды – президент  

0

Тоқаев Қазақстан халықаралық қоғамдастықтан еш нәрсені жасырмай, барлық мәліметті ашық жариялап отырғанын мәлімдеді

НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір азаматтарды жалған мәлімет таратпауға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Қазақстан халықаралық қоғамдастықтан еш нәрсені жасырмай, барлық мәліметті ашық жариялап отыр. Сондықтан кейбір азаматтарды бос сөз бен жалған мәліметке жол бермеуге шақырамын»,  — деді Тоқаев өз мәлімдемесінде.

Оқи отырыңыз: Тоқаев төтенше жағдай режимін ұзартатынын мәлімдеді 

Президент мемлекеттік органдардың жұмысында олқылықтар барын жасырмады. Бірақ, мемлекеттік қызметшілердің көпшілігі жұмысын адал атқарып жатқанын да атап өтті.

«Кемшіліктерді біз көріп отырмыз. Одан тиісті сабақ алып, қажетті шараларды қабылдаймыз», — деді ол.

Сонымен қатар, Тоқаев індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген азаматтарға тағы бір мәрте ризашылығын білдірді.

«Халықтың қауіпсіздігі үшін жанкештілік танытып жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне және әскери қызметшілерге алғыс айтамын», — деді президент.

Бұдан бөлек, мұқтаж жандарға көмек қолын созған волонтерлерге, халыққа жедел және шынайы ақпарат таратып жүрген журналистер қауымына алғыс айтты.

Дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға атсалысқан мемлекеттік аппараттың қызметкерлері де құрметке лайық екенін жеткізді.

«Бұл дағдарыс бірлігі бекем, елін сүйетін отаншыл жұрт екенімізді көрсетті. Қашанда осылай ұлт болып ұйыса білсек, барлық мақсатымызға қол жеткіземіз. Оған ешқандай күмән жоқ. Елдің қамы үшін бастаған ісіміз қайырлы болады деп сенемін!», — деп түйіндеді Тоқаев.

Президент қазақ халқы жұдырықтай жұмылса, кез келген қиындықты жеңетінін қадап айтты.



sputniknews.kz