Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдері экспортына шектеулерді алып тастайды

0

Бұған дейін төтенше жағдай кезінде елдің ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін экспортқа шектеу енгізілген болатын

НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр – Sputnik. Қазақстан коронавирус індетіне байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға енгізілген шектеулерді алып тастайды.

Барлық шектеу осы жылдың 1 маусымынан бастап алынып тасталады, деп хабарлады ауыл шаруалығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Жаңа құжат 2020 жылдың 2 және 4 сәуіріндегі «Қазақстан аумағынан жекелеген тауарларды шығарудың кейбір мәселелері туралы» бұйрықтарын жарамсыз деп таниды.

Жаңа бұйрықтың орындалуын ауыл шаруашылығы вице-министрі бақылайды.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда төтенше жағдайға және мемлекет басшысының ішкі нарықта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тапшылығын болдырмау туралы бұйрығына байланысты, ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік қауіпсіздігі және егін жинау алдында жеткілікті қорды сақтау мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын уақытша реттеуді енгізген болатын.

Төтенше жағдай режимі 16 наурызда басталып, 11 мамырда аяқталды.



sputniknews.kz