Қазақстан әскері Ресейде өтетін әскери жаттығуларға қатысады

0
«Восток-2022» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығулары қыркүйектің бірі мен жетісі аралығында Ресейдегі бірнеше полигонда өтеді. Бұл жаттығуларға Қазақстан әскері де қатысады, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ресейлік басылымдардың мәліметіне сүйенсек, оқу-жаттығуларға “серіктес елдердің” қатарындағы Қазақстан, Алжир, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Никарагуа, Сирия, Тәжікстан, Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Лаос және Моңғолия елдері қатысады.

Қатысушылар жеті полигонда, сондай-ақ Охот теңізі мен Жапон теңізінің суларында шабуыл және қорғаныс әрекеттерін жасайтыны айтылған. Сонымен қатар жаттығуларға 50 мыңнан астам әскери мен бес мыңнан астам әскери техника тартылады.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда ҰҚШҰ елдерінің әскерлері үш әскери-жаттығу кезеңдерін өткізеді.

«Өзара іс-қимыл-2022» оқу-жаттығуы ҰҚШҰ жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің қатысуымен өтеді. Іс-шара Орталық Азия өңірі жағдайында дағдарыстық жағдайды шешу міндеттерін пысықтауға бағытталады.

«Поиск-2022» оқу-жаттығуы бірлескен күштерге ұрыс қимылдарының барлау аспектілерін меңгеруге мүмкіндік береді. Жауынгерлік құрамаларды үздіксіз материалдық-техникалық қамтамасыз етуді пысықтау мақсатында Қазақстан аумағында үшінші «Эшелон-2022» оқу-жаттығуы өтеді.

Бұдан бөлек ҰҚШҰ әскерлері Тәжікстанда «Шекара-2022» және Қырғызстанда «Мызғымас бауырластық-2022» оқу-жаттығуларын өткізеді. Бұл жаттығулардың біріншісіне ұжымдық жедел енгізу күштері қатысса, екіншісі бітімгершілік құрамалардың қатысуымен өтеді.

Еліміздегі қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде Қазақстан ҰҚШҰ әскерлерін көмекке шақырған болатын.