Қазаққа танымал ақын 84 жасында өмірден озды
84 жасқа қараған шағында белгілі ақын, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нәзікен Алпамысқызы дүниеден озды.
Бұл туралы KzNews.kz ақпарат агенттігі Қазақстан Жазушылар одағына сілтеме жасап хабарлайды.
Н.Алпамысқызы – 1937 жылы 15 мамырда Алматы облысы Жамбыл ауданы Сарыбай ауылында туған. Әкесі Алпамыс пен анасы Бақтылы Қарасу колхозының іргетасын қаласқан, бар ғұмырларын сол ауылдың шаруашылығын дамытуға арнаған. Қарғалы орта мектебін үздік бітіріп, Қазақ Мемлекеттік университетінде білім алған.
М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті экономика факультетінің аспирантурасын тәмамдаған. Ғылыми жұмысын, ізденістерін үзбей дамытып экономика ғылымдарының докторы деңгейіне көтерілді. Көптеген ғылыми еңбектер жазды. Ғылым саласындағы үздіксіз ізденістерінің нәтижесінде экономика ғылымдарының докторы атанған ол, көптеген ғылыми еңбектер жазды.Т.Рысқұлов атындағы экономика университетінде ұзақ жылдар педагогикалық қызмет атқарып, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген.
Бүгінде оның шәкірттері экономиканың әр саласында, мемлекет басқару жүйесінде, ғылымда, жоғарғы оқу орындарында қызмет етуде.
«Шырағдан», «Күрең шетен», «Жарқырап аспанымда күн тұрғанда», «Ғұмырдың кемел шағы бар», Лондонда шыққан «Қияжол ғұмыр» сынды жыр жинақтарының авторы.
Ақын шығармашылығына М.Базарбаев,З.Қабдолов,Ә.Нұрпейісов, З.Серікқалиев, Қ.Мырза-Әли сынды көптеген қаламгерлер оң бағасын беріп, пікір білдірген.
Н.Алпамысқызы – Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Алматы облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.
Кісілік келбеті, адамгершілік ажарымен қаламдас әріптестеріне қадірлі бола білген азаматтың жарқын бейнесі оқырман жадында, әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады.