Енді бюджет қызметкерлері ипотеканың бастапқы жарнасын төлемеуі мүмкін

0
902
House model with real estate agent and customer discussing for contract to buy house, insurance or loan real estate background.

Үкімет бірқатар министрлік пен Ұлттық банкке мемлекеттік қызметкерлер үшін ипотеканың бастапқы жарнасын алып тастау мәселесін пысықтауды тапсырды.

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала қызметкерлері үшін ипотекалық кредит бойынша бастапқы жарна жойылуы мүмкін.

Бұл ұсынысты Қазақстанның 2015 – 2025 жылдарға арналған Cыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру жөніндегі 2021 – 2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын әзірлеушілер енгізді. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Жоспарға сәйкес, 2021 жылдың үшінші тоқсанында қазақстандық мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлері үшін алғашқы жарнаны алып тастау мәселесін пысықтау ұсынылып отыр.

Ұсынысты зерттеуге ұлттық экономика және қаржы министрліктері, сондай-ақ Ұлттық банк жауап береді. Мәселені қарастырғаннан кейін ақпаратты президент әкімшілігіне жіберу жоспарланған.

Құжатта тұрғын үй мәселесінен басқа мынадай ұсыныстар бар:

  • ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды алып тастау;
  • пара берушілер мен делдалдардың пара берудегі жауапкершілігін күшейту;
  • мемлекеттік қызметкерлерге, депутаттарға, судьяларға, олардың отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан шетелдік банктерде шот (салым) ашуға және иемденуге сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеу енгізу;
  • мемлекеттік органдар мен ұйымдарды оңтайландыру, әкімшілік шығындарды қысқарту есебінен мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын арттыру;
  • мемлекеттің экономикаға қатысуын төмендету, оның ішінде мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының санын азайту.

Құжаттың толық мәтінін мына жерден таба аласыз. Ол осы жылдың 10 желтоқсанына дейін қоғамдық талқылауда болады.